Мысырдың ең ірі банктерінің бірі Қазақстанда өкілдік ашуға ниетті - Жаңалықтар | BNews

Мысырдың ең ірі банктерінің бірі Қазақстанда өкілдік ашуға ниетті

14 наурыз, 19:04 1678 Қазақстан жаңалықтары
Мысырдың ең ірі банктерінің бірі Қазақстанда өкілдік ашуға ниетті

"Misr" банкінің төрағасы Мұхаммед әл-Этреби АХҚО құру бастамасын жоғары бағалап, жаңа орталықпен ынтымақтастық орнату ниетін растады.

Қазақстанның Каирдегі Елшісі Арман Исағалиев Мысырда екінші ең ірі банк болып табылатын "Misr" банкінің төрағасы Мұхаммед әл-Этребимен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Кездесу барысында Қазақстан мен Мысыр арасында банк саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жолдары талқыланды. Осы орайда қазақстандық дипломат Мұхаммед әл-Этребиге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) құрылғанын және Қазақстан тарапының Орталықтың жұмысына мысырлық банктердің атсалысуына, атап айтқанда "Misr" банкінің қатысуына қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Банк төрағасы АХҚО құру бастамасын жоғары бағалап, оның жақын болашақта аймақтық қаржы хабына айналатынына сенім білдіріп, жаңа орталықпен ынтымақтастық орнату ниетін растады. Сонымен қатар, Мұхаммед әл-Этреби жуырда Қазақстанда "Misr" банкінің өкілдігін ашу ниетін білдірді", - делінген хабарламада.

Кездесуде басқарма төрағасына еліміздегі қазіргі экономикалық ахуал және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаңтар айындағы жасаған "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына жолдауының, сондай-ақ Елбасының наурызда жариялаған бес әлеуметтік бастамаларының негізгі тезистері таныстырылды.

Айта кетейік, 1920 жылы құрылған "Misr" банкі қазіргі таңда Мысырдың алдыңғы қатардағы банктерінің бірі болып табылады. Банктің 600-ге жуық жергілікті филиалы жұмыс істейді, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері мен Францияда филиалдары бар. Сонымен қатар, Қытай, Ресей, Ливан және Германияда мекеменің аймақтық өкілдері қызмет көрсетеді.

Ұқсас жаңалықтар

`