ММА бойынша Азия чемпионатына қатысқан 10 қазақстандықтың 9-ы жүлдемен оралды

02 тамыз, 2018, 15:56 3349 Астана
ММА бойынша Азия чемпионатына қатысқан 10 қазақстандықтың 9-ы жүлдемен оралды

Қазақстандық спортшылар барлық он салмақ дәрежесінде сынға түсіп (8 ер, 2 әйел) 3 алтын, 5 күміс пен 1 қола алқаны еліміздің қоржынына салды.

ММА-ден Қазақстан құрамасы V Азия чемпионатында топ жарды. Қытай Халық Республикасында өткен Азия чемпионатына қатысқан он қазақстандық спортшының тоғызы жүлдемен оралды. Бұл туралы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен "Қытайдың Харбин қаласында ММА Бүкіләлемдік Қауымдастығының тұжырымдамасы бойынша ММА-ден V Азия чемпионаты" тақырыбына арналған баспасөз конференциясы барысында Қазақстан Республикасының ММА және пакратион ұлттық федерациясының құрметті президенті – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Махметов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

27-29 шілде аралығында Қытайдың Харбин қаласында ММА Бүкіләлемдік Қауымдастығының (WMMAA) тұжырымдамасы бойынша ММА-ден V Азия чемпионаты өтті. Ерекше ауыз толтырып айтарлық жайт, Азияның ең мықты ММА шеберлерінің басын қосқан бұл дүбірлі додада Қазақстанның ұлттық құрамасы топ жарып, командалық есепте жеңіске жетті.

Қазақстандық спортшылар барлық он салмақ дәрежесінде сынға түсіп (8 ер, 2 әйел) 3 алтын, 5 күміс пен 1 қола алқаны еліміздің қоржынына салды.

Атап айтар болсақ, Нұржамал Садықова (әйелдер арасында 52 кг дейінгі салмақ дәржесінде), Аслан Ораз (70.3 кг дейінгі салмақ дәржесінде), Нұрнияз Қошбаев (+93 кг салмақ дәржесінде) қарсыластырын ойсырата ұтып, чемпион атанса, Ақбөбек Ерғалиева (әйелдер арасында 61 кг дейінгі салмақ дәрежесінде), Талғат Жұмағалиев (56.7 кг дейінгі салмақ дәржесінде), Дастан Амангелді (61.2 кг дейінгі салмақ дәрежесінде), Нұрбек Қабдырахманов (65.8 кг дейінгі салмақ дәрежесінде), Мұрад Абдурахманов (93 кг дейінгі салмақ дәржесінде) күміс алқаны иеленді. Ал, қола медальді Думан Балмұханов (84 кг дейінгі салмақ дәрежесінде) қанжығасына байлады.

"Бұл өте жоғары көрсеткіш деп есептеймін. Қытайда өткен сайысқа қатысқан 10 спортшымыздың тоғызы жүлдемен оралды. Алтын медальдар саны бұдан да көп болуы мүмкін еді, алайда түрлі себептерге байланысты біздің екі спортшымыз өздерінің толық мүмкіндігін пайдалана алмады", - деді Федерацияның құрметті президенті.

Сондай-ақ, ол аталған спорт түрі бойынша соңғы жылдардағы Қазақстан құрамасының қол жеткізген нәтижесіне тоқталып өтті.

"Жалпы алғанда Қазақстан тағы бір рет ММА-дің әуесқой нұсқасы бойынша өзінің алатын жоғарғы орнын дәлелдеп берді. Осы уақытқа дейін қатарынан бірнеше жыл бойы қазақстандық спортшылар Азия және Әлем чемпионаттарында жоғары нәтиже көрсетіп жүр", - деп сөзін толықтырды Айдар Махметов.

Жалпы командалық есепте Қытай елінің спортшылары екінші орынды иеленіп, қырғыстандық ММА шеберлері үшінші орынды еншілесе, Қазақстан құрамасы суырылып алға шығып, бұл мықтылар үштігінде көш бастады.

Ендігі кезекте ММА-дан еліміздің ұлттық құрамасы қыркүйек айында Қытайдың Бейжің қаласында IMMAF тұжырымы бойынша юниорлар арасында өтетін Азия чемпионаты мен әлем чемпионатына және ағымдағы жылдың қарашасында Бахрейнде шымылдығын түретін біріккен әлем чемпионатына дайындалатын болады. Бахрейнде өтетін аталған чемпионатта тұңғыш рет әлемдегі ең ірі екі әуесқой ММА федерацияларының (WMMAA және ІММАF) өкілдері кездеспек.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының ММА және пакратион ұлттық федерациясы 2010 жылы құрылған және "ММА" спорт түрі бойынша Бүкіләлемдік ММА Қауымдастығы (WMMAA) мен Халықаралық ММА федерациясының (ІММАF) тарапынан танылған жалғыз ұйым. Қазақстан Республикасының ММА және пакратион ұлттық федерациясы - жетекші әлемдік әуесқой ММА ұйымдарының бірі болып табылады. Федерация президенті – ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сағындық Мекеев. Федерацияның құрметті президенті – ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Махметов.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: