Мұратхан Тоқмәди 10 жарым жылға бас бостандығынан айырылды - Жаңалықтар | BNews

Мұратхан Тоқмәди 10 жарым жылға бас бостандығынан айырылды

16 наурыз, 2018, 13:00 3364 Жамбыл облысы
Мұратхан Тоқмәди 10 жарым жылға бас бостандығынан айырылды

Бұл 14 жыл бұрынғы банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты іс бойынша Тоқмәдиге шығарылып отырған екінші үкім.

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "БТА банкінің" бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтірді деген айып тағылып отырған Мұратхан Тоқмәдиге үкім шығарылды, деп хабарлайды BNews.kz.

Сот ісін қарап отырған судья Азамат Тілепов айыпталушыны 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайда оның мүлкі тәркіленбейді. Бизнесмен жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің қауіпсіздігі жоғары колониясында өтейтін болады.

12 наурызда өткен сот барысындағы пікірталас кезінде прокурор Ілияс Есқалиев "шыны патшасы" Мұратхан Тоқмәдидің мүлкін тәркілемей, оған 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған болатын. Ал айыпталушы мен оның қорғаушысы болса, процессуалдық келісімнің шарттарын толықтай орындағанын және Тоқмәдидің кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар екенін ескеріп, барынша жеңілдетілген жаза қолдануды сұраған болатын.

2017 жылы 10 қазанда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында Мұратхан Тоқмәди ҚР Қылмыстық Кодексінің 194 -бабы, 3-тармағы, 2-бөлімі және 287-бабы, 4-тармағы бойынша үш жылға сотталған болатын. Ол қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару инспекциясы мекемесінде жазасын өтеуі керек болған.

Еске сала кетейік, кәсіпкер, "КазСтройСтекло" компаниясының директоры Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот отырысы Таразда өтті. Оған 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-баптың 2-тармағының "ж", "з" пунктерi (алдын ала келiсiп, топпен қасақана адам өлтiру) бойынша айып тағылды.

Негізгі сот отырысы 16 ақпанда басталды. Тоқмәди өзінің айыбын толықтай мойындады. Ол Мұхтар Әбләзовтің қоқан-лоқы көрсетуімен қылмыстық істі жасағанын айтты. Аталған қылмыстық істің мән-жайын анықтау барысында сотта 80 куәгерден жауап алынды, іс 79 томнан құралды.

Айта кетейік, сот үкімінің алғашқы нұсқасына сәйкес 2007 жылы Тоқмәди Ержан Тәтішевті абайсызда өлтірді деп сотталған болатын. Тараз қаласы сотының үкімімен 2007 жылы 3 қыркүйекте Мұратхан Тоқмәди 2004 жылы 19 желтоқсанда аң аулау барысында Тәтішевті абайсызда өлтірді деген айыппен бір жылға (жазасын өтеуден амнистия бойынша босатумен) бас бостандығынан айырылған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар