Астанадағы орталық Наурыз мерекесіне орай латын әрпімен безендірілді - Жаңалықтар | BNews

Астанадағы орталық Наурыз мерекесіне орай латын әрпімен безендірілді

03 наурыз, 2018, 14:01 2855 Астана
Астанадағы орталық Наурыз мерекесіне орай латын әрпімен безендірілді

Елордадағы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының әрбір кабинеті Наурыз мерекесіне сай безендірілген.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты барлық мекеме 1 наурыздан бастап ғимараттарын ұлттық мерекеге сай безендіріп, Наурыз мерекесін насихаттауға кірісті. Жақсы бастамаға алғашқылардың бірі болып Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы қолдау көрсетті, деп хабарлайды BNews.kz.

Орталықтың баспа бөлімінің басшысы Әлім Сәдуақасұлы тек мекеме сыртын емес, әрбір кабинетті мерекеге сай безендіргендерін айтты.

"Наурыз – тарихи мазмұны терең, әлеуметтік-рухани мәні зор мейрам. Бұл қасиетті мерекеден ұлтымыздың болмысын, салт-дәстүріміздің айқын нақышын көреміз. Сондықтан төл мерекемізді төрге шығаратын уақыт жетті. Мәдениет және спорт министрлігі қолға алған ігі іске қуана келісіп, тек мекеме сыртын емес, бүкіл әріптестерімізбен әрбір кабинетті мерекеге сай безендірдік. Әлбетте, мереке тек сыртқы сән-салтанатымен емес, мазмұнымен мәнді", - деді баспа бөлімінің басшысы Әлім Сәдуақасұлы.

Айта кетейік, орталық ұжымы кабинеттерді безендіру барысында жарияланған жаңа редакциясы бойынша латын әріптерін пайдаланған. Елбасы "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Жарияланған жаңа редакция бойынша латын графикасындағы қазақ әліпбиінде апострафтар алынып тасталды, сонымен қатар бірнеше әріп диграф арқылы жазылатын болды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар