Назарбаев Астанада өрт салдарынан қаза тапқан бес баланың ата-анасына көңіл айтты

05 ақпан, 2019, 14:38 1941
Назарбаев Астанада өрт салдарынан қаза тапқан бес баланың ата-анасына көңіл айтты

Мемлекет басшысы ҚР Үкіметі мен Астана қаласының әкіміне зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Қазақстан Президенті Астана қаласындағы өрт салдарынан қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтты, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Кеше Астанада ауыр қайғылы оқиға болды. Өрт салдарынан бір отбасы бес бірдей перзентінен айырылып қалды. Қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтамын. Осыған байланысты мен Үкіметке және Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырдым. Барлық өңірдің әкімдері құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуі керек, сондай-ақ тиісті тексерістер ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет", - делінген хабарламада.

Президент мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараларды қабылдаған жөн екенін атап өтті.

Еске салсақ, 4 ақпанда түнде "Сарыарқа" ауданындағы "Көктал-1" тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала қайтыс болды. Ең кішісі небәрі үш айда болған.

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов өрттің кесірінен бес баласын жоғалтқан отбасының үйіне барды және оларға көмек беруді тапсырды.

Сондай-ақ, бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өрттен қаза тапқан 5 баланың ата-анасына көңіл айтты. Үкімет басшысы ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа министрлік жылу беру маусымы аяқталғанша өрт қауіпсіздігі айлығын қайта бастау туралы тапсырма берді. 

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Нұрсұлтан Назарбаев #өрт #балалар #көңіл айту

Читайте также

Похожие новости