Назарбаев батыр аналарды "Алтын алқа" және "Күміс алқамен" марапаттады - Жаңалықтар | BNews

Назарбаев батыр аналарды "Алтын алқа" және "Күміс алқамен" марапаттады

07 наурыз, 2018, 17:35 1641 Астана
Назарбаев батыр аналарды

Мемлекет басшысы еліміздегі барлық ер-азаматтардың атынан әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада 8 наурыз мерекесіне арналған әдеттегідей "Көктем шуағы" концертіне қатысты, деп хабарлайды BNews.kz.

Мемлекет басшысы бүгінде елімізде 250 мыңға жуық ананың "Алтын алқамен" және "Күміс алқамен" марапатталғанына назар аударып, мемлекетіміздің қарқынды дамуына қазақстандық әйелдердің зор үлес қосқанын атап өтті.

"Жаңа ұрпақтың дүниеге келуі және халқымыздың көбеюі – мемлекетіміздің басты стратегиялық мақсаты. Әйелдер жетістікке жете алмайтын ешқандай сала жоқ. Сіздер кәсібилік пен спорттың, ғылым мен саясаттың шыңдарын бағындыра аласыздар. Қазіргі таңда үш мыңға жуық докторанттың 60 пайызы – әйелдер. Мәжіліс депутаттарының үштен біріне жуығы – қыз-келіншектер. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлес салмағы елу пайыздан асады. Мұны мемлекетті басқару ісінің тиімділігін арттыруға септігін тигізетін дұрыс үрдіс деп санаймын", – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі барлық ер-азаматтардың атынан әйелдер қауымын тағы да мерекелерімен құттықтап, оларға бақыт, махаббат пен бақ-береке тіледі.

Соңында Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, көп балалы ана А.Түзелбаеваны "Алтын алқамен" және Астана тұрғыны Р.Аяғанованы "Күміс алқамен" марапаттады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар