Назарбаев еріктілер қозғалысына қолдау көрсету бағдарламасын кеңейтуді тапсырды

28 қараша, 2018, 16:20 1656 Астана
Назарбаев еріктілер қозғалысына қолдау көрсету бағдарламасын кеңейтуді тапсырды

Президент жастар саясатын іске асыру ісінде үкіметтік емес сектордың рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның VIII Азаматтық форумында еріктілер қозғалысына қолдау көрсету бағдарламасын кеңейтуді тапсырды. Сондай-ақ, ол жастар саясатын іске асыру ісінде үкіметтік емес сектордың рөлін күшейту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жастар саясатын іске асыру ісінде үкіметтік емес сектордың рөлін күшейту қажет. 2019 жылдың Жастар жылы деп жарияланғанын ескеретін болсақ, бұл мәселе өте маңызды", – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев еріктілер қозғалысына қолдау көрсету бағдарламасын кеңейту үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы осы қызмет түрінің сұранысқа ие екені "ЭКСПО-2017" көрмесі мен XXVIII қысқы универсиаданың өткізілуі барысында анық көрінгенін атап өтті.

"Үкіметтік емес ұйымдардың атсалысуымен мүмкіндігі шектеулі адамдар, ерекше мұқтаж балалар мен жастар үшін аса белсенді ортаның қалыптасуы жақсы үрдіс саналады. Инклюзивті қоғамды дамыту – әлемдік тәжірибе және барлық дамыған елдердің азаматтық қоғамы жүзеге асыратын маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы "Рухани жаңғыру" бағдарламасын одан әрі жүзеге асырып, "Ұлы даланың жеті қыры" атты жаңа мақалада белгіленген басымдықтар аясында жұмыстарды бастаудың маңыздылығын атап өтті. Елбасы мұнда көрсетілген бағыттар мен жобаларды іске асыру үдерісіне үкіметтік емес ұйымдарды тарту қажеттігін айтты.

"Қалалардың, аудандардың әкімдері цифрлық технологияны қолдана отырып, бір терезе қағидаты бойынша халыққа кедергісіз ашық кеңістік қызметін ұсыну жүйесін енгізуі керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті Үкіметке Азаматтық форум барысында айтылған ұсыныстар негізінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді және оған барлық мүдделі мемлекеттік органдардың атсалысуын қарастыруды тапсырды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қазақстанның VIII Азаматтық форумына қатысты. Жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді беру жөніндегі жұмыстарды жалғастырған жөн екенін айтып, Үкіметке Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар