Назарбаев Карл Байпақовтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты

23 қараша, 2018, 19:45 3173 Астана
Назарбаев Карл Байпақовтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты

Мемлекет басшысы ғалымның қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы көрнекті археолог-ғалым, академик Карл Байпақовтың өмірден өтуіне байланысты оның туған-туысқандары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Карл Молдахметұлы көп жылдар бойы Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалашықтардың орнын зерттеп, тарихи маңызы зор әрі құнды ғылыми еңбектер жазды. Сондай-ақ, ол Ұлттық ғылым академиясының Археология институтына басшылық жасап, елімізде археологиялық зерттеулерді ұйымдастыру жолында ауқымды жұмыс атқарды. Ғалымның жемісті еңбегі әр жылдары Ш.Уәлиханов және Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтармен, сондай-ақ өзге де жоғары дәрежелі марапаттармен атап өтілді", – делінген жеделхатта.

Елбасы қазақстандықтар туған елі мен халқының игілігі жолында аянбай қызмет етіп, өзіндік өшпес із қалдырған ғалымның есімі мен сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды деп сенім білдірді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ғалым, археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҒА академигі Карл Байпақов қайтыс болды. Ол 1940 жылы Алматы облысының Талғар ауданында дүниеге келген.

Қазақстанның біртуар ғалымымен қоштасу рәсімі дүйсенбі күні, яғни 26 қарашада сағат 10:00-де Алматыдағы Ғалымдар үйінде өтеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар