Назарбаев Шерхан Мұртазаның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты

10 қазан, 2018, 13:20 1654 Астана
Назарбаев Шерхан Мұртазаның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды.

Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы "Шерағаң" деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты.

Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін", – делінген жеделхатта.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше, яғни 9 қазанда Қазақстанның белгілі жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза дүниеден озды. Белгілі жазушы осы жылдың қыркүйек айында 86 жасқа толған еді.

11 қазанда сағат 10:00-де Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазамен қоштасу рәсімі өтеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар