Назарбаев телефон арқылы Денис Теннің ата-анасына көңіл айтты

Написать нам
20 шілде, 2018, 17:13 3352 Астана
Назарбаев телефон арқылы Денис Теннің ата-анасына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Денистің мезгілсіз дүниеден өтуі - жақындары мен туыстары үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін орны толмас қаза екенін жеткізді.

Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай белгілі спортшы Денис Теннің қазасын Елбасының қалай қабылдағаны туралы айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев дереу Бас прокурор мен Ішкі істер министріне спортшының қазасы туралы қылмыстық істі ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын. 

"Мемлекет басшысы жас әрі талантты, Қазақстан мен әлемнің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген, болашағынан зор үміт күттірген Денис Теннің бақилық болуын ауыр қайғымен және зор күйзеліспен қабылдады. Президент Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың негізін қалаған және еліміздегі спорттың дамуына зор үлес қосқан Денистің жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жіберді", - деді Айдос Үкібай.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев жастарға үлгі бола білген тамаша ұлды, өз елінің нағыз патриотын тәрбиелеп өсірген Денис Теннің ата-анасына қоңырау шалып, көңіл айтқан.

"Мемлекет басшысы Денистің мезгілсіз дүниеден өтуі - жақындары мен туыстары үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін орны толмас қаза екенін жеткізді. Мәнерлеп сырғанаушының ата-анасына көңіл айта отырып, Президент қылмыскерлердің жазасыз қалмайтынын баса айтты", - деді Елбасының Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдаған болатын.

Елбасы Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан спортын жоғары деңгейде ілгерілетуге зор үлес қосқанын, оның жарқын жетістіктері еліміздің абыройын асқақтатып, жастар арасында спортты дәріптеуге септігін тигізгенін ерекше атап өтті.

Еске салсақ, қайғылы оқиға Құрманғазы Байсейітов көшелерінің қиылысында түскі 15:00-дер шамасында болған еді. Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Сол уақытта басталған жанжалдың нәтижесінде әлгі адамдар Денис Тенді пышақтап кеткен.

Бірнеше сағат бойы оның өмірі үшін арпалысқан дәрігерлер алған жарақатының ауырлығына байланысты оның өмірін сақтап қала алмады. Кейіннен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Денис Теннің қайтыс болғаны туралы хабарлады. 

Денис Теннің өліміне қатысты күдіктінің бірі бүгін ұсталды. Күдікті 24 жастағы Жамбыл облысының тумасы – Қиясов Нұралы. Ол өзінің жасаған қылмысын мойындады. Денис Тенді өлтірді деген күдікті екінші адамның да кім екені анықталып, іздестіріліп жатыр. Болжам бойынша ол Қызылорда облысының тумасы – Құдайбергенов Арман Бөрібайұлы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 21 шілде күні сағат 10:00-де Алматы қаласындағы "Балуан Шолақ" спорт сарайында өтеді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі Денис Тенмен қоштасу рәсімі Алматы қаласымен қатар Астанада да өткізілетінін хабарлады. 21 шілде күні Астанада сағат 10:00-де "Барыс-Арена" спорт кешенінде танымал мәнерлеп сырғанаушы, елімізге еңбегі сіңген спорт шебері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған азаматтық жаназа өтеді.

Министрлікте 21 шілде күні Алматы қаласында сағат 8:30-да Денис Теннің денесі үйінен шығарылатынын атап өтті. Азаматтық жаназа Абай-Байтұрсынов көшелерінің қиылысында сағат 10:00-де өтеді. Ал 11:30-да Достық кентіндегі зиратқа бару жоспарланған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар