Неліктен жаңа туған сәбилерді күл-қоқысқа тастап кету оқиғалары жиілеп кетті? - Жаңалықтар | BNews

Неліктен жаңа туған сәбилерді күл-қоқысқа тастап кету оқиғалары жиілеп кетті?

09 қараша, 16:55 2447 Астана
Неліктен жаңа туған сәбилерді күл-қоқысқа тастап кету оқиғалары жиілеп кетті?

Бүгін сенатор Әли Бектаев Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Бұған соңғы кездері жаңа туған сәбилерді қоғамдық жерлер мен күл-қоқысқа тастап кету оқиғаларының жиілеп кетуі себеп болған, деп хабарлайды BNews.kz.

Қабырғаны қайыстырып, жанға бататын осындай келеңсіз жайлар ұлтымызға кір келтіруде. Жахандану процесі қоғамға бір жағынан адамзат өркениетінің ең соңғы жетістіктерін алып келсе, екінші жағынан ұлттық болмысымыз бен мінез-құлқымызға жат құбылыстарды енгізді. Өркендеу жолына түскен еліміздегі өскелең ұрпақ бұрын-соңды болмаған жан түршігерлік қадамдарға барып жүр.

«Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болмасын өзгерген емес. Тәуелсіздік жылдары отбасы әлеуетін нығайту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Елбасының бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда көп балалы отбасылардың абыройы мен беделін арттыру бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл сайын артып, көптараптанып келе жатқанын аңғару қиын емес.

Дегенмен, қазіргі қоғамда отбасы құндылықтарының құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Бұған дәлел қарттар үйлеріне өткізілген егде адамдардың көбейуі. Әлеуметтік мекемелердегі қарттар саны соңғы бес жылда 26%-ға өскен. Олардың 40%-ның балалары бар. Ата-анаға деген құрметтің азаюы – отбасы құндылықтарының төмендеуінің басы деп айтуға болады. Неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың аса қауіпті деңгейге жеткені де соның салдары. Соңғы бес жылда ажырасулардың саны 4 мыңға артып 51775-ті құраған.

Бүгінгі таңда жас отбасылардың арасындағы ажырасу деңгейі ауылдық жерлерде 27%-ға, қалаларда 40%-ға жеткен. Олардың 40%-ның некесі алғашқы бес жылда бұзылады екен. Басты себеп отбасыдағы тәрбиенің, құндылықтардың құлдырауында. Бала өмірге келгеннен бастап, өсіп азамат болғанына дейін оның тәрбиесіне тек ата-ана жауапты. Өкініштісі баланың тәрбиесі де, оқуы да, денсаулығы да тек мектепке артып қойылған.

Статистикаға сүйенсек, балалар үйіндегі 7200-ден астам сәбидің 1130-ның ата-анасы мүлдем белгісіз немесе өз құқықтарынан бас тартқан. Жалпы алғанда, балалар үйіндегі 63% баланың әке-шешесі бар.

Тағы да бір қоғамдық дертке айналған мәселенің бірі – қыз-келіншектер мен әйелдер арасындағы қылмыс. Мәліметтерге сенсек, әйелдер арасындағы қылмыс 2016 жылы 280-ге өсіп 12 мыңды құраған.

Олардың 75% әлеуметтік-тұрмыстық заң бұзушылықтар. Еліміздегі 6 әйелдер колониясында 2161 қыз-келіншек жазасын өтеп отыр.

Қоғамымызда қыз балалар мен әйелдерге, аналар мен балалы отбасыларға деген көзқарасты мүлдем қайта қараудың уақыты келді. Жастарды отбасы құндылықтарына бейімдеу үшін, аналарға бала тәрбиесімен алаңсыз айналысуға материалдық және моральдық тұрғыдан оңтайлы жағдай туғызу маңызды.

Осының бәрін айта келе, төмендегідей бірнеше ұсыныс түсіремін.

1. Қазақстандағы отбасылық саясатты заман талабына сай дамыту мақсатында, «Қазақстан отбасыларын қолдау және отбасы құндылықтарын дамыту» жөніндегі кешенді бағдарлама қабылдауды;

2. Отбасы құндылықтарын жан-жақты зерттеу, заманға бейімдеу, өмірге енгізу мақсатында ҚР Білім және ғылым минстрлігі жанынан арнайы «Неке және отбасы» ғылыми-зерттеу институтын ашуды;

3. Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін күшейту мақсатында «Отбасылық өмірдің рухани негіздері», - деген арнайы пән әзірлеп, оған лайықты оқулықтар дайындап, мектеп бағдарламасына енгізуді;

4. Бес және одан да көп бала туған аналарға әлеуметтік жалақы тағайындап, бала күтімімен айналысқан уақытын еңбек өтіліне теңестіруді; 

5. Ұлттық тәрбие негіздерін бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттауды, құзырлы министрлік арқылы отбасы құндылықтарына арналған бағдарламалар мен әлеуметтік бейнероликтерге тапсырыс ұйымдастыруды;

6.  ҚР  Әділет министрлігіне қарасты АХАЖ бөлімдерінің жанынан кәсіби психолог мамандардан құрылған отбасылық, психологиялық кеңес орталықтарын көптеп ашуды;

7. Республика көлемінде жас отбасыларға арналған кеңестер мен үлгілі отбасылардың тәжірибесін насихаттайтын, бала тәрбиесін қамтитын кітаптарды мемлекеттік тапсырыс арқылы көптеп шығаруды;

8. Ата-ананың жауапкершілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы әкімшілік кодексіне бұзақылық немесе қылмыс жасаған жасөспірімдердің әке-шешесіне әкімшілік шара қолдану жөнінде бап енгізуді;

9. Отбасының бұзылуын тежеу мақсатында неке бұзуға төленетін баж салығының көлемін жұптарға материалдық тұрғыдан сезілетіндей етіп көбейтуді;

10. Әйелдер арасындағы құқық бұзушылықтар бойынша тергеу алды амалдарын, тергеу және соттау процесстерін, қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларын мейлінше оңтайландыру, гуманизация принциптерін пайдалана отырып түрмеге отырғызу жазасын айыппұл төлеуге ауыстыру, түрмеде отырғандар санын бірте-бірте азайта отырып әйелдер түрмесін мүлдем қысқарту шараларын қарастыруды ұсынамыз.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары