Нығматулин Еуропа және Азия парламенттері спикерлерінің форумында сөз сөйледі

Написать нам
09 қазан, 2018, 17:56 1449
Нығматулин Еуропа және Азия парламенттері спикерлерінің форумында сөз сөйледі

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің Үшінші жиналысында сөз сөйледі.

Түркиядағы 40-тан астам елдің Парламент өкілдері бас қосқан маңызды жиында Еуразиядағы экономикалық ынтымақтастық, қоршаған ортаны қорғау және тұрақты дамудың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форумға қатысушыларды құттықтаған Мәжіліс төрағасы шараға белді халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуы біздің елдеріміздің еуразиялық ынтымақтастықты нығайту жолында белсенді жұмыс атқарып келе жатқанының нақты дәлелі екенін атап өтті.  

"Қазақстан көптеген интеграциялық процестердің бастамашысы және белсенді қатысушысы ретінде әлемдік сауда-экономикалық жүйеге кіруді мақсат етіп келеді. 1994 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде алғаш рет Еуропа мен Азия елдерін біріктіру идеясын жариялаған күннен еуразиялық интеграцияның алғашқы қадамы басталған болатын", - деді Нұрлан Нығматулин.

Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің төртінші жиналысын Астанада өткізу туралы бастама жасады.

Нұрлан Нығматулин бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелерге тоқтала келіп, БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында біздің Елбасы ұсынған Үлкен Еуразияны құру идеясына айрықша назар аударды.  

"Теңдесі жоқ Үлкен Еуразия жобасы – қатысушы елдер арасындағы сауда қатынастарын ырықтандыруды, көлік дәліздерін бірлесіп дамытуды, энергетикалық бағыттарды әртараптандыруды, инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықтың басқа да мәселелерін қарастыра отырып, аталған бірлестіктердің жұмысын үйлестіруді көздейді", - деді Мәжіліс төрағасы.

Мәжіліс төрағасы Еуразиялық Экономикалық Одақ жұмысына да көңіл бөле келіп, осы жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған ЕАЭО Кеден кодексі күшіне енетінін, ал келесі жылы электр энергиясының, сондай-ақ 2025 жылға қарай мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құру жоспарланып отырғанын атап өтті.

"Үлкен Еуразия идеясы аясында Еуразиялық экономикалық одақтың Еуропалық Одақпен ынтымақтастығы басым бағытқа ие. Географиялық жағынан біз көрші елдерміз. Бізде барлық коммуникациялар, жолдар, желілер бар, стандарттарымыз ұқсас. Экономикалық тұрғыдан біздің нарықтарымыз бір-біріне қажет. Қазақстан Қытай мен Орталық Азияның нарықтарымен шекаралас және Ресей арқылы Еуропаның нарықтарына шығатындығын ескерсек, мұның бәрі Қазақстанға Батыс пен Шығыс арасындағы көпір болуға мүмкіндік береді", - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, осыған байланысты Сочидегі Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтылған Қазақстан Республикасы Президентінің ұсыныстары ерекше мәнге ие.

Бұл Астана халықаралық қаржы орталығын кеңінен пайдалану, Еуропа мен Азияны Беларусь, Ресей және Қазақстан арқылы байланыстыратын жылдамдығы жоғары темір жол сияқты инфрақұрылымдық мега-жобаларды, сондай-ақ Каспийді Қара теңізбен байланыстыратын Еуразия кеме қатынасы арнасын іске асыру. Бұдан басқа, бұл өзара саудаға кедергі келтіретін барлық шектеулерді жою болып табылады.

Нұрлан Нығматулин осы жылы парламентшілермен талқылауға шығарылған экологиялық мәселелерге ерекше назар аударды.

Осы бағытта біздің елімізде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтқан Мәжіліс төрағасы ұлттық экологиялық заңнаманы ДСҰ мен ЕО шарттары мен талаптарына бейімдеу және халықаралық міндеттемелерді сақтау бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгеніне тоқталды. Сонымен қатар, негізгі халықаралық конвенцияларға қол қойылып, Экологиялық кодекс қоршаған ортаны қорғауды құқықтық реттеудің негізі болып табылады.

"Қазақстан Президентінің табиғи ресурстарды басқару тәсілдерін өзгерту туралы тапсырмасына сәйкес", - деді Нұрлан Нығматулин.

Парламент төрағасы атап өткендей, келесі жылы Парламент Экологиялық кодексті жаңа редакцияда қарауды жоспарлап отыр. Онда  қоршаған ортаны қорғау саласында қоғамдық қатынастарды  реттеу жүйесі қайта қаралып,  үздік әлемдік үлгіге сәйкес, бақылау мен реттеудің жаңа құралдары мен тетіктерін енгізу көзделген.

Сондай-ақ, Қазақстанда экологиялық жағдайды жақсарту жұмысын реттеуге бағытталған  аймақтық стандарттар жүйесі әзірленетін болады.

"Бұл бағытта біз өзіміздің күш-жігерімізді біріктіріп, заң шығарушылық жұмысымызда тәжірибе алмасу мүмкіндігіміз зор. Еуразия елдерінің парламенттері арасында тұрақты және жан-жақты диалогты қолдау  осы кеңестіктегі барлық мемлекеттердің сындарлы дамуының нақты факторы болып табылады", - деді Парламент Мәжілісінің төрағасы.

Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің Үшінші жиналысының нәтижесі бойынша қорытынды декларация қабылданып, онда Төртінші жиналысты Астанада өткізу туралы шешім қабылданғаны да айтылды.  

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар