Нығматулин: Конференция Елбасының халықаралық батыл қадамдарын ұрпаққа жеткізуге арналған игі шара

26 қараша, 2018, 14:04 1756 Астана
Нығматулин: Конференция Елбасының халықаралық батыл қадамдарын ұрпаққа жеткізуге арналған игі шара

Мәжіліс төрағасы биыл 27 жыл толатын егемен еліміздің әрбір күні, әрбір айы, әрбір жылы тікелей Тұңғыш Президентіміздің атымен байланысты екенін атап өтті.

Астанада ҚР Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен "Астана – жаһандық интеграция, қауіпсіздік және бейбітшілік орталығы" халықаралық конференциясы өтуде. Жиын барысында алғы сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған конференция Елбасының тарихи ерліктерін, халықаралық батыл қадамдарын ұрпақтарға жеткізуге арналған игі шара екенін айтты, деп хабарлайды BNews.kz Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, бұл маңызды форум Тұңғыш Президент күні қарсаңында жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі жиын саналады. Себебі биыл 27 жыл толатын егемен еліміздің әрбір күні, әрбір айы, әрбір жылы тікелей Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен байланысты.

"Шын мәнінде, әлемдік саясаткер, тарихи тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген, салиқалы саясатының арқасында жаңа Қазақстанның, жаңа экономиканың, жаңа қоғамның іргесі қаланды. Мемлекеттің шекарасы бекітіліп, дамудың қазақстандық жолы қалыптасты. Бүгін міне бірлігі жарасқан, болашағы жарқын, тәуелсіз еліміз бүкіл әлем таныған абыройлы, беделді және мәртебелі мемлекетке айналды", - деді Нұрлан Нығматулин.

Осының барлығы Елбасының ерен еңбектерінің, сонымен бірге әрқашан да Президентке тірек болып, қолдау білдірген халқымыздың береке-бірлігінің жемісі екенін атап өткен Мәжіліс төрағасы дәстүрлі конференция Мемлекет басшысының елімізді дамыту жолындағы тарихи ерліктерін, халықаралық батыл қадамдарын ұрпақтарға жеткізуге арналған игі шара екеніне тоқталды.

Сонымен қатар, ол Елбасының ұлы ерліктерінің бірі Астана екенін атап өтіп, биыл 20 жыл толған бас қаламыз бүгінде отандық және халықаралық ірі бастамалардың орталығына айналғанына ерекше назар аударды.

"Мысалы, конфессия және өркениетаралық диалогты көздейтін әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің алтыншы съезі біздің елімізде, осы Астанада өтті. Өткен жылы мемлекетімізде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де өткізілді. Бүкіл әлем назарын аударған Сирия дағдарысы бойынша Астана процесінде жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Сондықтан бүгінгі конференцияда жеткен жетістіктермен қатар жаһандық интеграцияның, қауіпсіздік пен бейбітшіліктің маңызды сұрақтары талқыланады", - деді Мәжіліс төрағасы.

Жиынға Әзербайжан, Италия, Қырғызстан, Литва, Ресей, Түркия және Өзбекстан Парламенті өкілдері, сондай-ақ, Германия, Үндістан, Қытай, Швеция және басқа елдердің сарапшылары мен халықаралық ұйым мүшелері қатысуда.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар