Нығматулин отандық фильмдерге "ұлттық" мәртебе беруге қатысты пікір білдірді

19 қыркүйек, 2018, 12:53 2669 Астана
Нығматулин отандық фильмдерге

Мәжіліс төрағасы қазақстандық фильмдердің барлығын сақтау қажеттілігі бар екенін атап өтті.

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасы Заңы жобасының бірінші оқылымында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин отандық фильмдерге "ұлттық" мәртебе беру барысында сұрыптау белгілеріне қатысты пікірін білдірді. Сондай-ақ, ол қазақстандық фильмдердің барлығын сақтау қажеттілігі бар екенін атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Қандай да бір фильмді "ұлттық фильм" деп тануға қатысты. Мұндай мәртебе ол туындыны сақтауға, мемлекет қаражаты есебінен цифрландыру және тағы сол сияқты рәсімдер жүргізуге мүмкіндік береді, солай ма? Заңның 13-бабында "Фильм келесі негіздерді жиынтықты түрде қоса алғанда ұлттық деп танылады: біріншісі – егер, фильм көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейде түсірілсе, халықтың рухани қажеттілігін қанағаттандыра алатын болса, мемлекет мүдделеріне сәйкес келсе және Қазақстанды кино өнері арқылы шетелде таныстыра алатын болса. Сол сияқты, продюсердің азаматтығына қатысты 2 және 3 тармақтары бар", - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы қандай қазақ фильмдері "ұлттық" деп танылмауы мүмкін екендігін түсіндірді.

"Қазір мынандай күдік туып отыр. Мазмұндық белгілеріне қатысты фильмдер барлық кезде "ұлттық" деп танылу сынағынан өте алмауы мүмкін. Алайда, олар халық арасында өте танымал болуы мүмкін. Яғни, фильмнің идеологиялық құрамы болмағанымен, көрермен арасында үлкен сұранысқа ие болады. Мысал ретінде, сонау кеңес заманында түсірілген "Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен!" фильмі. Бірінші комиссия бұл фильмнен этикалық және азаматтық нормалардың бұзылуының бірнеше фактісін анықтаған. Бұл қоғамдық жерде ішімдік ішу, бөтеннің жеке меншік нысанына рұқсатсыз кіру және тағысын тағылар", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы.

"Ең бастысы – өзгенің әйелін тартып алды", - деген ҚР Мәдениет және спорт министр Арыстанбек Мұхамедиұлы залды күлкіге батырды.

"Алайда, бірқатар азаматтың реакциясына қарағанда, бұл қылмыс деп саналмайтын сияқты", - деді Нұрлан Нығматуллин.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы баршамызға танымал "Тақиялы періште" фильмінің идеологиялық мазмұны жоқ екенін, алайда оның үлкен сұранысқа ие кинотуындының бірі екенін айтты.

"Тақиялы періште" фильмі де жоғарыда аталған идеологиялық мазмұны жоқ, алайда ол үлкен сұранысқа ие туындылардың қатарына жатады. Бұл фильмнің мазмұнында идеологиялық құрамның бар-жоғы - даулы мәселе. Анасы өзінің жасы келген зор денелі баласына қалыңдық іздейді. Алайда, бұл фильмдер, актерлардың шеберлігі, сюжеттің қызықтылығы, сценарийдің мінсіздігі - бұл фильмдерді шедевр етті. Осы мысалдар барлық фильмді сақтау қажет екенін білдіреді", - деді спикер.

Нұрлан Нығматуллин егер, бағасы жағынан айырмашылық үлкен болмаса, заң жобасының екінші оқылымында Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен осы мәселені пысықтау керек екендігін айтты. Оның сөзінше, себебі, Қазақстанда Кітап палатасы бар. Онда елімізде басып шығарылған барлық кітаптың данасы сақталады. Ал қай туындының сұранысқа жоғары екенін уақыт көрсетеді

"Фильмдерге "ұлттық" деген мәртебе беру мәселесін қарайтын үкімет жанындағы комиссияның құрамына тек шенеуніктер ғана емес, қоғам қайраткерлері, танымал режиссерлер, танымал актерлар, киносыншылары, депутаттардың кіруін қамтамасыз ету қажет", - деді Мәжіліс төрағасы.

Депутаттар Кинематография туралы және оған ілеспе Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Кинематография саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін дербес салалық заңды қабылдау ұлттық фильмдердің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, кинокөрсетілім қызметінің халыққа қолжетімді болуына, киноиндустрияның ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығына, шетелде қазақстандық кино мәртебесінің өсуіне және оны мойындауына заңнамалық деңгейде жағдайлар жасау үшін қажет.

Сонымен қатар, жекелеген заңды тұлғалардың жұмыс істеуі арқылы ұлттық мәдени игіліктің ажырамас бөлігі ретінде ұлттық фильмдерді және олардың бастапқы материалдарын сақтау жолымен ұлттық кинематографияны қолдау да көзделеді.

Заң жобасы талқыланған жалпы отырыста Палата төрағасы киноиндустрияны дамыту үшін жағдай жасап, оның инвестициялық тартымдылығын арттыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулин киноиндустриясы бизнес желілерінде болса, бюджетке айтарлықтай кіріс әкелуі мүмкін екендігін жеткізді.

Кинематографиясы саласындағы басты проблемаларға тоқталған Мәжіліс төрағасы бүгінгі күннің өзінде кейбір ірі қалаларда бірде-бір кинотеатр жоқ екендігіне назар аударды.

Кинематография туралы заң жобасын әзірлеу барысында депутаттар тарапынан біршама ұсыныстар енгізілді. Олар балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы Заңға сәйкестендіріп, фильмдердің жасқа қатысты классификациясы бойынша, сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кинематография туралы заңнаманы ұстану бойынша мемлекеттік бақылауды жүргізу жөнінде толықтыру және қазақ тілінің тазалығын сақтау, оның дамуына, қолдану аясын кеңейту мақсатында, фильмдердің прокаттау тілі жөніндегі нормаларға да толықтырулар және басқа да бірқатар түзетулер енгізді.

Заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Осы ретте Мәжіліс төрағасы еліміздің кинематография саласын мемлекеттік қолдау алғаш рет құқықтық негізге ие болғанын, бұл қазақ киносының дамуы мен сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап айтты.

Палата отырысында Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын жұмысқа алды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: