Нығматулин: сайлаушыларға елімізді жаңғырту міндеттерін түсіндіруіміз керек - Жаңалықтар | BNews

Нығматулин: сайлаушыларға елімізді жаңғырту міндеттерін түсіндіруіміз керек

27 желтоқсан, 14:34 1310 Астана
Нығматулин: сайлаушыларға елімізді жаңғырту міндеттерін түсіндіруіміз керек

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин сессия басталғаннан бергі төрт ай ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, депутаттардың аймақтарға сапарларына баса назар аударды, деп хабарлайды BNews.kz parlam.kz-ке сілтеме жасап.

Палата төрағасы атап өткендей Мәжіліс қызметі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ағымдағы сессияның ашылуында жүктеген міндеттерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталды. Сессия басында 80 заң жобасы жұмысқа қабылданып, оның 42-сі қаралып, мақұлданған. Оның ішінде 12 заң жобасына депутаттар өздері бастамашы болған.

«Біздің жаңа жылдағы жұмысымыз әдеттегідей сайлаушылармен кездесуден басталады. Бұл халқымыз үшін де, біз үшін де өте маңызды, өте қажетті шаралар. Себебі, Елбасымыз бізге әрқашанда халықпен тікелей жұмыс жасап, елімізді жаңғырту мақсаттарын түсіндіру туралы нақты тапсырмалар беріп келеді. Сондықтан, әрбір ауылға барып, барлық бастамаларды және оларды заң жағынан қолдау жұмыстарын азаматтарға жеткізу, ол - біздің басты міндетіміз. Сол үшін Мәжіліс Бюросының арнайы шешімі қабылданып, депутаттардың аймақтарға сапары жоспарланып отыр» - деді Н. Нығматулин.

Парламент қабылдаған 27 заңға бүгінде Мемлекет басшысының қол қойылып, өз күшіне енді. Ағымдағы сессия жұмысында Мәжіліс Төрағасы «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», Салық кодексі, Кедендік реттеу, сондай-ақ, Қазақстанның кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу, Әкімшілік құқық бұзушылық және Ақпарат және коммуникация туралы заңдардың жобалары мен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасы сияқты мақұлданған бірқатар маңызды құжаттарды атап өтті. Сөз соңында Нұрлан Нығматулин депутаттарды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, елімізге тыныштық, әрбір отбасына амандық тіледі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары