Нығматулин тұрғындар қауіпсіздігіне әсер ететін түзетулерге қарсы екендігін жеткізді - Жаңалықтар | BNews

Нығматулин тұрғындар қауіпсіздігіне әсер ететін түзетулерге қарсы екендігін жеткізді

14 ақпан, 18:22 1260 Астана
Нығматулин тұрғындар қауіпсіздігіне әсер ететін түзетулерге қарсы екендігін жеткізді

Бүгін Мәжілістің спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, онда еліміздегі кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды BNews.kz Parlam.kz-ке сілтеме жасап. 

Заң жобасы мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалауға, оның ішінде мемлекеттік органдардың 544 бақылау функциясының мемлекетке және тұтынушыға қауіпсіздік қатерінің тәуекелдерімен байланысты емес 137-сін алып тастауға бағытталған.

Отырыс барысында заң жобасында азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты қызметті бақылайтын функциялардың алып тасталуына қатысты депутаттар арасында сұрақтар туындады.

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекет пен азаматтарымыздың қауіпсіздігіне зиян келсе, қандай да бір рейтингтің қажет еместігіне тоқталып, тұрғындар қауіпсіздігіне теріс ықпал ететін түзетулерге қарсы екенін жеткізді.

Ең алдымен бұл энергетикалық нысандар, мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, су шаруашылығы салаларына қатысты болмақ.

"Су Кодексіне су нысандарын есепке алу және мониторингілеуді алып тастауға қатысты түзетулер бірқатар сұрақтар тудырады. Егер заң жобасы осы қалыпта қабылданатын болса, онда біраз проблемалар туындауы мүмкін. Мысалы, Гидромет суды пайдалану туралы толық ақпарат алмайды. Сәйкесінше, төтенше жағдайдың болжамы да дәл және нақты болмауы мүмкін", - деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен бірге жалпы отырыста Нұрлан Нығматулин кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымға дейін зерделеу қажеттілігіне назар аударып, жауапты министрлікке сейсмикалық қауіпті аймақтағы үйлерге қатысты сақ болу керектігін ескертті.

Сонымен қатар, осы заң жобасында қолданыстағы "анықтау және жазалау" саясатының орнына құқық бұзушылықтың "профилактикасы мен алдын алу" саясатына көше отырып, тексерушілердің ментальдығы мен мінез-құлқын түбегейлі өзгерту мақсатында профилактикалық бақылауды енгізуге негізделген.

Заң жобасы мүдделі министрліктер, ведомстволар және қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен он екі жұмыс тобының отырысында қаралған. Жұмыс тобындағы отырыстар барысында жоба бойынша 900-ге жуық түзету келіп түсіп, заң жобасы негізінде 13 кодекс пен 100 заңға түзету енгізу көзделген.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары