"Нұр Отан" Қытай Компартиясымен жүйелі ынтымақтастық туралы мәлімдеді - Жаңалықтар | BNews

"Нұр Отан" Қытай Компартиясымен жүйелі ынтымақтастық туралы мәлімдеді

16 ақпан, 18:06 715 Астана

"Нұр Отан" партиясы Қытай Коммунистік партиясымен арадағы ынтымақтастық пен өзара байланысты одан әрі нығайтуға дайын.

"Нұр Отан" партиясы Қытай Коммунистік партиясымен арадағы ынтымақтастық пен өзара байланысты одан әрі нығайтуға дайын екендігі туралы және Қазақстан мен Қытай арасындағы партияаралық қарым-қатынастың келешегі жайында бүгін "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесуінде кеңінен талқылады, деп хабарлайды BNews.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесудің Қытай Жаңа жылының бірінші күнінде өткізілуіне ерекше назар аударған Мәулен Әшімбаев бұл оқиғаның өзара әріптестікті жаңа биікке көтеретін игі бастама екенін атап өтті.

Сондай-ақ, "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жеке достығы екі партия мен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі болып саналатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Қазақстан Қытайдың жеткен жетістіктері үшін ерекше қуанышты және елдің даму бағытын айқындаған ҚХР Коммунистік партиясы ХІХ Съезінің табысты өткізілуін жоғары бағалайды.

"Қазақстан алдағы уақытта да Қытаймен байланысты күшейтуге мүдделі. "Жібек жолының экономикалық белдеуі" біздің қарым-қатынасымыздың нығаюына үлкен әсерін тигізетін бастама. Екі елдің мүддесі көптеген салаларда үндесіп жатады. Әсіресе, сауда-саттық, бірлескен кәсіпорын құру және Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін Қытайға жеткізу мәселесінде ортақ ұстанымдар бар. Сондықтан мен таяу жылдарда экономика саласында Қазақстан мен Қытайдың байланысы нығайып, аясы кеңейе түседі деп есептеймін", - деді Мәулен Әшімбаев.

Ресми Астана мен Бейжің партияаралық диалогты дамытуда да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Өз сөзінде "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажет екенін айтты. Нақты айтқанда, Мәулен Әшімбаев партия қызметі мен оның құрылымы жөнінде тәжірибе алмасу, халықаралық мәселелерге қатысты кеңес саласы бойынша, сондай-ақ, өзекті тақырыптарға арналған форумдар мен конференцияларға қатысу қызметтерінде байланысты күшейтуге ерекше мән берді. "Бір белдеу – бір жол" сияқты ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда да мемлекеттік органдарға көмектесу үшін күш біріктірудің берері мол екені айтылды.

"Біз ынтымақтастық пен диалог үшін әрдайым ашықпыз. Барлық деңгейде, яғни, партия басшылығы, Орталық аппарат және өңірлік деңгейде қарқынды байланыс орнатуға дайынбыз. Осы қызметтегі алғашқы халықаралық кездесуім Қытай Халық Республикасының өкілімен болуының маңызы зор деп есептеймін", - деді "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Өз кезегінде елші екі ел арасындағы тығыз әрі стратегиялық байланыстың жоғары деңгейде екенін атап өтіп, Қытай тарапының бұл диалогты жетекші саяси партиялар деңгейінде дамытуға дайын екеніне сенім білдірді.

"Біз Қытай Коммунистік партиясы мен "Нұр Отан" партиясы арасындағы ынтымақтастықтың нығаюын қолдаймыз. Бүгінде екі тарапта да өзара іс-әрекетті одан әрі күшейтуге толық мүмкіндік бар. Мәселен, бізде қалыптасқан партия мектебі бар. Соны ескеріп, білікті партия мамандарын даярлауда күш біріктіруге әбден болады. Жалпы алғанда "Нұр Отан" партиясының жоғары жетістіктерге қол жеткізгені айқын аңғарылады. Жетекші партия Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың, ел дамуының және тұрақтылық пен татулықтың нығаюының негізі болып саналады", - деді Чжан Ханьхуэй.

Кездесу соңында тараптар басшылық деңгейден бастап партияның өңірлік құрылымдарының өкілдеріне дейін партияаралық байланысты күшейтудің маңызы зор екеніне аса мән берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары