"Нұр Отан" партиясының мемлекеттік тілдегі жаңа пікірталас алаңы жұмысын бастады

13 желтоқсан, 2018, 19:33 2611 Астана

Жұмысы жаңадан басталып жатқан #NurOtanPikir клубында халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, мемлекеттік тіл мен мәдениетімізді одан әрі дамыту сияқты ұлттық мәселелер талқыланатын болады.

"Нұр Отан" партиясының мемлекеттік тілдегі #NurOtanPikir жаңа пікірталас алаңы өз жұмысын бастады. Тұсаукесер отырыс "Тәуелсіздігіміздің рухани негіздері" тақырыбына арналып, онда елдіктің тіректері, ұлттық мәдениет пен руханияттың және мемлекеттік тілдің дамуы сияқты өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда "Нұр Отан" партиясы өз қызметін жаңғырту жолында бірқатар тың бастамаларды қолға алып, жүйелі жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Соның нәтижесінде көптеген игі істер жүзеге асырылып жатыр. Партия тарапынан өзекті мәселелерді талқылап, олардың оң шешілуіне ықпалын тигізетін алаңдар қолға алына бастады. Қазірдің өзінде партияның #NurOtanTrends және #NurOtanTalks деген пікірталас алаңдары тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Ол жерлерде негізінен экономикалық, саяси тақырыптар, стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру жолдары, жаңа бастамалардың тиімділігі сияқты өзекті мәселелер талқыланады.

Ал жұмысы жаңадан басталып жатқан #NurOtanPikir клубында халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту, сол арқылы ұлттың санасын ояту, мемлекеттік тіл мен мәдениетімізді одан әрі дамыту, тәуелсіздігімізді нығайту сияқты ұлттық мәселелер талқыланатын болады. Сол себепті де бұл алаңның жұмысы тек қазақ тілінде жүргізіледі.

Отырыста алғаш болып сөз алған "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бұл бастаманың мақсаты қазақстандық қоғамды толғандырып жүрген өзекті рухани мәселелерді заманауи форматта талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру екенін айтып, қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, бұл күннің ұлтымыз үшін маңыздылығын атап өтті.

"Біз бүгінгі заман форматында біздің халқымыздың рухани құндылықтарын сақтау, Тәуелсіздігіміз нығайту мен ұлттық кодымызды сақтап қалу сияқты маңызды мәселелерді талқылау үшін осындай жобаны ойлап шығардық. Бұл бағытта "Нұр Отан" партиясы көп жұмыс жасап жатыр. Біз бұл мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты нәтиже беріп жатқан бірнеше жобаларды жүзеге асырудамыз", - деді Мәулен Әшімбаев.

"Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жастардың бойында құндылықтар жүйесі мен тарихи сананы қалыптастыру қажет екеніне тоқталып, барлық қазақстандықтарды еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнін тойлауға өз үлестерін қосуға шақырды.

Айта кетейік, #NurOtanPikir алаңының отырысы партияның жоғарыда аталған өзге де пікірталас клубтарының жиыны сияқты Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирден көрсетілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар