"Нұр Сұңқар" байқауын өткізу игі дәстүрге айналды – Мәулен Әшімбаев

28 маусым, 2018, 09:52 3658

Астанада журналистер арасында өткізілген "Нұр Сұңқар" байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Астанада Баспасөз күні қарсаңында "Нұр Отан" партиясының журналистер арасындағы дәстүрлі "Нұр Сұңқар" байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Аталған іс-шараға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысып, барша журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, салтанатты шараға Парламент депутаттары, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылығы мен өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Аталған байқау биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Жыл өткен сайын оның аясы кеңейіп, беделі де артып келеді. Биыл байқауға еліміз бойынша 200-ге жуық қатысушыдан 800-ден астам жұмыс келіп түсті. Айтып өтерлік жайт, оның 85 пайызға жуығы мемлекеттік тілде.

Биыл қатысушылардан елдің саяси, экономикалық, рухани және әлеуметтік жаңғыруы, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы, Елбасы – "Нұр Отан" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген өзекті мәселелердің іске асырылу барысын насихаттайтын еңбектер қабылданды. Сондай-ақ, партия қызметін жаңғырту, Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихаттағы партия фракцияларының жұмысы мен жаңа партиялық жобаларды дәріптеп, "Нұр Отан" партиясының жастар саясатын жандандыру мақсатында атқарған істерін халыққа жеткізуде белсенділік танытқан журналистер қатысты.

Салтанатты жиынды ашқан Мәулен Әшімбаев "Нұр Сұңқар" байқаудың журналистер арасындағы бәсекелестіктің күшеюіне және отандық журналистиканың жан-жақты дамуына тигізген оң әсерін ,сондай-ақ журналистердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.

"Бүгінде елімізде Елбасымыздың бастамасымен Үшінші жаңғыру процесі қарқынды жүргізіліп келеді. Саясатта, экономикада, әлеуметтік және рухани салада айтарлықтай өзгерістер жүзеге асырылуда. Елбасымыз еліміздің алдына әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Осы мақсатқа жету үшін бүкіл қоғам, халық болып жұмылып жұмыс істеуіміз керек. Бұл мәселеде бұқаралық ақпарат құралдарының да алар орны ерекше. Өйткені журналистер қауымы бүкіл қоғамды Елбасы саясатына топтастыру жолында елеулі рөл атқарады. Қазіргідей ақпараттық заманда мұның маңызы зор", - деді "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, ол "Нұр Сұңқар" байқауының марапаттау рәсімі неліктен осы уақытта өткізілетінін түсіндіріп, жыл өткен сайын байқаудың беделі де өсіп келе жатқанын тілге тиек етті.

"Нұр Отан" партиясы журналистерді қолдау мақсатында Баспасөз күні қарсаңында "Нұр Сұңқар" байқауын өткізуді игі дәстүрге айналдырды. Жыл өткен сайын байқаудың беделі де өсіп келеді. Биыл байқауға 800-ден астам жұмыстың келіп түсуі соның айқын дәлелі. Олардың арасынан үздіктерді анықтау да байқау комиссиясына оңайға түскен жоқ. Сол себепті бүгін топ жарып шыққан журналистерді үздіктердің үздігі деп айтуға толық негіз бар. Барлық отандық журналистер қауымын барша нұротандықтардың және партия Төрағасының атынан бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Келешекте бұдан да биік белестерді бағындырып, ойға алған мақсат-мұраттарыңызға жетулеріңізге тілектеспіз. Сол жолда мықты денсаулық, қажымас қайрат және сарқылмас шабыт тілейміз", - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, партия Төрағасының Бірінші орынбасары алдағы уақытта да партия мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыс одан әрі нығайып, екі тараптың ел мүддесі жолында бірлесіп жұмыс істейтініне сенім білдірді.

Елімізге танымал қоғам қайраткерлері мен отандық журналистиканы өрге сүйреген белгілі тұлғалардан құралған Байқау комиссиясы "Көзқарас" (ең үздік телевизиялық журналист), "Халық дауысы" (ең үздік телевизиялық журналист), "Сөз шебері" (газеттің үздік журналисі), "Сөз зергері" (газеттің ең үздік журналисі), "Медиа-профи" (интернет басылымның ең үздік журналисі), "Партиялық жаңғыру" (жаңа партиялық жобалар туралы үздік материал), "Астанаға 20 жыл" (елорданың 20 жылдығына арналған үздік материал), "Рухани жаңғыру" (қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін), "5 бастама" (Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамаларын насихаттауда белсенділік танытқаны үшін) және "Майталман" (отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін) аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтады. 

Айта кетерлігі, "Партиялық жаңғыру", "Астанаға 20 жыл", "Рухани жаңғыру", "5 бастама" және "Майталман" аталымдары бойынша сыйлықтар биыл алғаш рет беріліп отыр.

"Нұр Сұңқар – 2018" байқауының жеңімпаздары:

Тимур Қазағұлов, "Акцент" Қостанай облысы Лисаков қалалық телеарнасының бас редакторы, ең үздік телевизиялық журналист – "Көзқарас" аталымы;

Индира Асанова, "Қазақстан" ұлттық телеарнасының аналитик-редакторы, ең үздік телевизиялық журналист – "Халық дауысы" аталымы;

Сейфолла Шайынғазы, "Егемен Қазақстан" газеті бас редакторының орынбасары, үздік газет журналисі – "Сөз зергері" аталымы;

Айжан Шауқұлова, "Актюбинский вестник" Ақтөбе облыстық қоғамдық-саяси газетінің корреспонденті, үздік газет журналисі – "Сөз шебері" аталымы;

Николай Энелане, Informburo.kz ақпараттық-талдамалық порталының арнайы корреспонденті, интернет басылымның ең үздік журналисі – "Медиа-профи" аталымы;

Шалқар Қожаев, "Хабар 24" телеарнасының шеф-редакторы, Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамаларын насихаттауда белсенділік танытқаны үшін – "5 бастама" аталымы;

Екатерина Бескорская, "Казахстанская правда" газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі, жаңа партиялық жобалар туралы үздік материал – "Партиялық жаңғыру" аталымы;

"Астана ақшамы" газетінің редакциясы, елорданың 20 жылдығына арналған үздік материал –"Астанаға 20 жыл" аталымы;

"Хабар" телеарнасының "Болашаққа бағдар" бағдарламасының шығармашылық ұжымы, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін – "Рухани жаңғыру" аталымы;

Сұлтан Оразалы, журналист, жазушы, теледраматург, Халықаралық телевизия және радио академиясының академигі, отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін – "Майталман" аталымы.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #марапаттау #журналистер байқауы #Мәулен Әшімбаев #Нұр Отан партиясы

Читайте также

Похожие новости