"Нұрлы жер" аясында 2 мыңнан астам өтінім мақұлданды - Жаңалықтар | BNews

"Нұрлы жер" аясында 2 мыңнан астам өтінім мақұлданды

05 наурыз, 18:46 1461 Қазақстан жаңалықтары

"Қазақстан Ипотекалық Компаниясы" ИҰ" АҚ жалпы сомасы 21,4 млрд теңгеге 2059 өтінімді мақұлдады.

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ еншілес ұйымы – "Нұрлы жер" бағдарламасының ипотекалық қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағытының операторы – "Қазақстан Ипотекалық Компаниясы" ИҰ" АҚ 2018 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша – жалпы сомасы 21,4 млрд теңгеге 2059 өтінімді мақұлдады, деп хабарлайды BNews.kz ҚИК-тің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдарламаға Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған, Тараз, Орал, Өскемен, Қостанай, Жезқазған, Семей, Қызылорда және Алматы облысының тұрғындары қатысты.

"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздарды субсидиялау – қарыз алушы үшін екінші деңгейлі банктер арқылы бастапқы тұрғын үйді сатып алу барысында ипотека бойынша соңғы мөлшерлемені жылдық 10% көлемінде қарастырады. Субсидиялау тек ЕДБ-мен сыйақы мөлшерлемесі жылдық 16% (шекті мөлшері) көлеміне берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ғана іске асырылады. Бағдарлама талаптарына сәйкес, банктік пайыздың 6% көлеміндегі айырмашылығы банкке Қазақстан Ипотекалық Компаниясы арқылы республикалық бюджет есебінен өтеледі.

Бүгінгі таңда ҚИК "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағытын жеті банкпен бірлесе отырып іске асырып жатыр, олар: "Банк ЦентрКредит" АҚ, "Сбербанк" АҚ ЕБ, "Банк ВТБ" АҚ, "АТФБанк" АҚ, "Нұрбанк" АҚ, "Цеснабанк" АҚ және "Қазақстанның құрылыс жинақ банкі" АҚ (жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты бойынша).

Қазіргі кезде субсидияланатын қарыздар Қазақстан Республикасы Үкіметімен 2017 жылғы қазанда қабылданған жаңа талаптары бойынша беріліп жатыр. Қарыз алушы үшін 30% бастапқы жарнаны қамтамасыз етуде, қарыз алушыға немесе үшінші тұлғаларға тиесілі тұрғын үй түріндегі баламалы жылжымайтын мүлікті қосымша кепілзат ретінде ұсыну қарастырылған.

Сондай-ақ, бастапқы жарна ретінде, растаушы құжаттарды ұсыну барысында қарыз алушының құрылысты салушыға төлеген алдын ала төлемі де есепке алынады. Бастапқы тұрғын үй ұғымы да кеңейтілді: қазір пәтерлерді тек құрылысты салушылардан ғана емес, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті құрылысты салушылардан алып сататын басқа заңды тұлғалардан да (сауда-саттық компаниялары) сатып алуға болады.

Сыйақы мөлшерлемесінің бөлігін субсидиялау – қарыз алушы үшін жүктемені 30% артық көлемде төмендетеді. Бағдарлама қандай болмасын комиссиялардың жоқ болуымен, қарыздың теңгеде берілуімен, шетел валютасына байлаусыз болуымен, сондай-ақ, кезекте тұрудың немесе қандай болмасын критерилерге сәйкес келудің қажетсіздігімен тартымды болып отыр. Бағдарламаның тағы да бір күмәнсіз артықшылығы бұл – жылжымайтын мүлікті таңдаудағы еркіндік. Қарыз алушылар кез келген құрылыс салушылардан қалаған тұрғын үйін таңдауға құқылы.

Бағдарлама шеңберінде, жалпы  оны іске асыру сәтінен бастап (2017-2018 жылдар) 120 млрд теңге сомасында 8 000 қарызды беру жоспарланған.

Ұқсас жаңалықтар