"Нұрлы жол" арқылы 602 шақырым республикалық автомобиль жолдары жаңғыртылды

11 мамыр, 2018, 10:23 194 Астана

Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BNews.kz.

"Бүгін Қоғамдық кеңес алдында Министрліктің негізгі бағыттары бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары жайында есеп беріп, алдағы жоспарымызбен бөлістім. Жалпы, өткен жыл нәтижелі болды деп айтуға әбден болады. Министрліктің басым бағыттары болып есептелетін "Нұрлы жол", "Нұрлы жер", Индустрияландыру бағдарламалары бойынша ілгерілеу бар" - дейді ол.

Оның айтуына қарағанда, өңдеу өнеркәсібі 5,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция 4,7%-ға өскен.

"Индустрияландыру картасы аясында 1,5 трлн. теңгенің 120 жобасы іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Биыл жалпы сомасы 1 трлн. теңге болатын 150-ден астам жобаны іске қосып, 15 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр" - дейді министр.

Жеңіс Қасымбектің айтуына қарағанда, 2017 жылы елімізге тартылған шетелдік инвестиция көлемі де артты. Инвестиция тарту бойынша Үкімет бүгінде кешенді жұмыс атқарып жатыр. Былтыр "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы жұмысын бастап, 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегиямыз бекітілді.

"Өткен жылдың еншісіндегі атап өтерлік жәйттердің бірі "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" жаңа Кодекс қабылданғаны. Кодекс жобасын әзірлеу үшін министрлік қыруар жұмыс атқарды. Кодекстің ең негізгі ерекшелігі – ол жер қойнауы саласындағы барлық сұрақтардың бір құжаттың ішінде жинақталуы. 2017 жылдың қорытындысы бойынша "Нұрлы жол" бағдарламасы арқылы 602 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдары жаңғыртылды. 2018 жылы республикалық маңызы бар 528 шақырым автожолды реконструкциялау жоспарланып отыр. 2017 жылғы тұрғын үй құрылысы жалпы ауданының физикалық көлем индексі 106,2%-ды құрады. "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыру аясында 11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 100,8 мыңнан астам отбасы баспаналы болды" - деді ол.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек осы сала бойынша жақын арада халықпен кездесу өтетінін айтты.

"2017 жылдың қорытындысы туралы жыл басындағы алқалы жиында егжей-тегжейлі түсіндіріп өткен едім. Бүгін міне, Қоғамдық кеңестің алдында барлығын баяндап өттім. Енді 23 мамыр күні дәстүрге сай халықпен есептік кездесуім өтеді. Ведомcтвоға қарасты мәселелердің бәрін бірге талқылау үшін баршаңызды сол шараға шақырғым келеді" - дейді Жеңіс Қасымбек.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар