"Нұр Отан" партиясы жанынан Балалар құқығын қорғау бойынша кеңес құрылады

05 ақпан, 2019, 18:07 1678

Мәулен Әшімбаев Астанада болған қайғылы оқиғадан сабақ алып, алдағы уақытта осындай қасіреттің қайталанбауы үшін нақты әрекет етуге шақырды.

"Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Астанада өрт салдарынан бес баланың қаза табуына байланысты болған қайғылы оқиғаға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BNews.kz.

"Расымен, бес бірдей бүлдіршіннің қапыда қаза болуы тұтас халықтың қабырғасын қайыстырып жіберді. Өкініштен өзегіміз өртенеді. Бірақ амал жоқ. Енді осындай қасіреттің қайталанбауы үшін әрекет етуіміз керек. Бұл жайт қоғамдағы кейбір өзекті мәселелердің кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді. Шын мәнінде, көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін аналарға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәселесінде әлі де болса жетілдіретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан да халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып, жазып жатқан сөздері орынды", - деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі аккаунтында.

Осыған орай "Нұр Отан" партиясы бұл бағыттарда нақты ұсыныстар дайындауда. Мәулен Әшімбаевтің сөзінше, алдағы уақытта сол бойынша "Нұр Отан" партиясы Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп, жағдайдың жақсаруына өз үлесін қосады.

"Сонымен бірге, партия жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданғанын жеткізгім келеді. Осы бағытта да бүкіл қоғам болып жұмылып, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы жолында бірлесіп жұмыс істейік", - деп шақырды "Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Кеңестің бірінші отырысы мемлекеттік орган өкілдері мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен 7 ақпанда өтеді.

Бұған дейін Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі өзінің парақшасында қаза тапқан балалардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтты. Ол өрттің шығу себептерін анықтап, алдағы уақытта осындай қасіреттің қайталанбауы үшін нақты әрекет ету керектігін ерекше атап өткен болатын.

Еске салсақ, 4 ақпанда түнде "Сарыарқа" ауданындағы "Көктал-1" тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала қайтыс болды. Ең кішісі небәрі үш айда болған.

Қазақстан Президенті Астана қаласындағы өрт салдарынан қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы ҚР Үкіметі мен Астана қаласының әкіміне зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Нұр Отан партиясы #Мәулен Әшімбаев #өрт #балалар

Читайте также

Похожие новости