Нұрсұлтан Назарбаев: Сингапурмен бұрыннан жақсы байланысымыз бар

17 мамыр, 2018, 09:42 3176 Астана
Нұрсұлтан Назарбаев: Сингапурмен бұрыннан жақсы байланысымыз бар

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Hotel Properties Limited компаниясының негізін қалаушы Онг Бэнг Сэнгпен кездесті.

Әңгімелесу барысында тараптар туризм саласындағы ынтымақтастық және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады, деп  хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Сингапур арасындағы достық әрі әріптестік қарым-қатынастар жоғары деңгейде екенін атап өтті.

"Сингапурмен бұрыннан жақсы байланысымыз бар. Мен Ли Куан Ю мырзамен көп жыл достық қарым-қатынаста болдым. Елдеріңіздің қазіргі Премьер-министрімен де тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. Халықаралық басқосулардың бәрінде жүздесіп, қарым-қатынасымызды одан әрі нығайту жөнінде әңгімелесеміз", – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның туризмді дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, Астананың туристік әлеуетін арттыру үшін атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтты. 

"Сіз – қонақ үй бизнесінде танымал адамсыз, әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істеп жүрсіз. Астана – жаңа елорда. Біз оны туристік қалаға айналдырмақпыз. Бұл үшін біз Сингапурдың осы бағытта жүріп өткен жолын зерттеудеміз", – деді Мемлекет басшысы.

Онг Бэнг Сэнг Қазақстандағы өзінің алғашқы жұмыс тәжірибесі жөнінде айтты.

Сингапурлік бизнесмен Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қарқынды түрде өркендеп, дамудың жоғары нәтижелеріне қол жеткізгенін атап өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар