Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

15 желтоқсан, 2018, 09:24 2722 Астана
Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде мемлекетіміз өзінің даму жолында зор жетістіктерге жеткенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды және барша Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде мемлекетіміз өзінің даму жолында зор жетістіктерге жеткенін атап өтті.

Елбасы егемен еліміздің құрылу тарихында Қазақстанның жас астанасының маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.

"Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа елорда жаңғырған Қазақстанның символы саналады. Биыл Астанамыздың 20 жылдығын еліміздің барлық өңірімен бірге жоғары деңгейде атап өттік", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізілген ауқымды нарықтық реформалар миллионнан астам азаматтарымыздың кәсіпкерлік қабілеттерін экономикаға жұмылдыруға жол ашқанын айтты.

"Экономиканы жүйелі индустрияландыру өңдеу өнеркәсібінің үлесін айтарлықтай арттыруға септігін тигізді. Бүгінде мұндағы өнім көлемі шамамен 9,5 триллион теңгені құрап отыр", – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы көлік-логистика инфрақұрылымына тартылған инвестицияның арқасында Қазақстан құрлықтық маңызы бар транзиттік хабқа айналғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар саны 15 есе азайып, ал нақты еңбекақы 4 есе артқанын айтты.

"Егемен Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – халқымыздың саны 18 миллионнан асып, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетуі. Осы маңызды жеңістеріміз бен игі нәтижелеріміз біз таңдаған бағыттың дұрыс екенін растап отыр", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті 2018 жылы еліміздің сыртқы саясатта да, жаңғыру бағдарламаларын іске асыру аясында да қол жеткізген басты жетістіктеріне тоқталды.

"Біздің жауапты әрі сындарлы сыртқы саясатымыз әлемдік аренадағы өз орнымызды айтарлықтай нықтай түсуге мүмкіндік берді. Қазақстанның жемісті бітімгерлік қызметі Астанадағы Сирияаралық келіссөздердің нәтижелі болуына септігін тигізді", – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын, «Астана хаб» ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін және «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын іске қосу жөніндегі жұмыстардың нәтижелеріне назар аударды.

"Қоғамдағы бірлік пен келісім біздің барлық жетістігіміздің бастауында тұрғанын әрдайым есте ұстауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық дамудың қазақстандық моделі бүгінде халықаралық брендке айналды", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздегі кейінгі бастамалардың бәрі тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға, қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге және әл-ауқатымызды арттыруға бағытталғанын атап өтті.

"Әлеуметтік саланы кешенді жаңғырту – біздің маңызды бағытымыз. Тәуелсіздік жылдары миллионға жуық азаматымыз баспаналы болды. Біз жуырдағы 5 жыл ішінде 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз. Бұл шамамен тағы екі миллионға жуық қазақстандық баспаналы болады деген сөз", – деді Елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз ел тұрғындарының қазіргі буыны уақыт талабына сай болып, Қазақстандағы әрбір отбасының игілігі мен берекесін нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден оқи аласыздар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар