Тарбағатай тауында көне санскрит жазулары табылды (ФОТО)
Құрметті оқырман! Сiз «BNews.kz» АА сайтының ескі нұсқасын көріп тұрсыз. Бұл жерден 12.12.2016 ж. дейінгі барлық материалды көре аласыз.
Біздің жаңа сайтымыз www.bnews.kz орналасқан
Жоғары
Астана
USD 371.31
EUR 419.32
CNY 53.83
RUB 5.59

Тарбағатай тауында көне санскрит жазулары табылды (ФОТО)

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ, 29 мамыр 2013 ж 17:04 , СЕМЕЙ

Семей педагогикалық институты Манаш Қозыбаев атындағы тарихи және әлеуметтік-саяси зерттеулер ғылыми орталығының ғалымдары Тарбағатай тауының сілемі Доланқара жотасынан тасқа қашалған көне санскрит жазуды тапты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі институттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 


«2012 жылдың қыркүйек айында Тарбағатай ауданы жеріндегі Әмірсана қоңтәйжінің қамалының орны анықталып, зерттелді. Жалпы шығыстың әртүрлі өңірлерінен жоңғар кезеңінің жәдігерлері табылып қалып жатады. Соның бірі 1952 жылы Шыңғыстауда табылған Будда ескерткіші. Моңғолдық атаулар біздің жерімізде түріктік атаулармен қабаттасып келіп отыратын жер атауларының негізін құрайды», - делінген дереккөзінде.

Ал үстіміздегі жылдың мамыр айында орталықтың жетекші маманы Мұхаметбек Асылбеков және Семей мемлекеттік медицина университетінің аға оқытушысы Ғалымбек Базарбеков арнайы барып Тарбағатайдың сілемі болып табылатын Долаңғара тауының ішіндегі тік жартастағы белгісіз жазуды тауып, суретке түсіріп алған екен.

«Бұл жазу осы уақытқа дейін ғылыми ортаға белгісіз болып келген. Долаңғараның күнгейіндегі Үштөбе аулының тұрғыны Шыңғыс Қасымханов қыс ішінде әлгі жазуы бар жартасты білетін адамды тапқаны туралы ғылыми орталыққа хабар берген болатын. Мамыр айының басында жазуды іздеп жолға шыққан М.Асылбеков пен Ғ.Базарбеков сол жерде мал бағатын Нұрлан Жұмағазыұлының жолбасшылығымен жартастағы жазуды суретке түсірді. Долаңғараның қара тасына түзу тізілген әдемі таңбалар анандайдан ап-айқын болып көрінеді. Адам аяғы сирек тиетін болғандықтан, жартастың тік беткейінде ертедегі ерекше осы таңбалардан басқа қазіргі заман жазу-шимайлары да жоқ. Сол қалпында сақталған. Келген зерттеуші мамандар күткендей бұл көне түрік, ұйғыр, қалмақтың «төте» жазуларына да ұқсамайтын болып шықты. Таңбалардың санскрит жазулары қатарына жататыны анық еді», - деп хабарлады баспасөз хатшы.

Жартастағы таңбаларды әр түрлі көне жазулармен салыстыра отырып, орталық маманы М.Асылбеков бұл таңбалардың будда мантраларының бірі екендігін анықтады. Жазу санскрит жазуларының бір түріне жатады. «Ом мани падме хум» деп оқылатын, тура аудармасы «Лотос гүлінде жарқыраған інжу-маржан» деген мағына береді. Долаңғара жазуының санскритке жататыны және мантра екендігін растаған анықтамасын Қалмақ Республикасының (РФ) Элистадағы Тарих институтының жетекші ғылыми маманы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Эльза Бакаева жіберген.

Санскри́т- синтетикалық грамматикасы өте ауыр Үндістанның ежелгі әдеби тілі.