Офицер бойжеткеннің ұрланған "Айфонын" қайтарып берді - Жаңалықтар | BNews

Офицер бойжеткеннің ұрланған "Айфонын" қайтарып берді

30 қаңтар, 16:29 904 Астана
Офицер бойжеткеннің ұрланған

Астанада Ұлттық ұлан офицері қылмыскерді қолға түсіріп, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне табыстады, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше кешке Астана қаласының Сарыарқа ауданында Ұлттық ұлан офицері майор Тимур Рахимов бұған дейін темір торда жазасын өтеген қылмыскерді қолға түсірді.

Қызметтен кейін үйіне келген ұландық офицер, аулада жанжалдасып жатқан екі адамды байқаған. Азаматша айқайлап, көмек сұраған. Сол сәтте белгісіз ер азамат қызды жерге құлатып, қаша жөнелген. Офицер тез арада қыздың қасына барса, қыз жылап, үсті қанап тұр екен. Тимур Рахимов жедел түрде қашқынның соңына түсіп, бір шақырым өткенде ғана ұрыны қуып жетеді де, оны қолға түсіреді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері келгенше қаскөйді ұстап, кейін ішкі істер органдарының қызметкерлеріне табыстаған.

Кейін белгілі болғандай, қаскөй "Айфон-7" ұялы телефонын алып, ізін жасырмақ болған. Бұрын жасаған қылмысы үшін Ресей Федерациясында 10 жыл жазасын өтеп шыққан. Қылмыс орнында, пышақ пен қыздың сөмкесі табылған. Зәбір көруші қыз Астана қаласының тұрғыны болып шықты.

Майор Т. Рахимов 10 жылдан аса уақыт Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарады. Ұлттық ұлан Әскери институтын аяқтаған. Қазір 3660 әскери бөлімі командирінің орынбасары.

Осылайша, жауынгерлерге рух беруші тәлімгер сардар өзі де азаматтарға көмек қолын созып, Әскери антқа адал екенін танытты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары