ОҚО әкімі: Елбасы Жолдауы - жаңа мақсаттарға жетелейтін ең басты құжат

10 қаңтар, 2018, 18:07 2188 Оңтүстік Қазақстан облысы
ОҚО әкімі: Елбасы Жолдауы - жаңа мақсаттарға жетелейтін ең басты құжат

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс он тоғызыншы сессиясында Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын бірлесе жүзеге асыруға шақырды, деп хабарлайды BNews.kz 

Жолдаудағы әрбір он бағытқа жеке тоқталған аймақ басшысы Мемлекет басшысының бұл саяси құжаты төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап бергенін айтты.

«Бірінші бағыт. «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деп атап көрсетті Елбасы. Бұл бағыттағы жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысы барынша жеделдететін болады. Өңірімізде 11 индустриялды аймақ пен бір арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін барынша тиімді жүзеге асыруымыз керек. 2017 жылы индустриялды аймақты дамытуда 9,4 млрд. теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асты. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге міндеттіміз. Бүгінде қолданыстағы кәсіпорындарда жаңа цифрлық технологиялар енгізіліп, өндірістер дамуда», - деді Түймебаев.

Елбасының екінші қойып отырған міндеті «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту». Президент бұл салада табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, энергия көздерін табу мен үнемдеуге үндеп отыр.

«Өңірімізде бұл бағытта да жұмыстар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен кейін белсенді түрде қолға алынды. Қазіргі уақытта облысымыздың бірнеше аудандарында шетел инвесторларымен біріккен күннен электр энергиясын өндіретін нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жасыл экономиканы дамыту бойынша облыста жүзеге асырылатын 26 жоба енді жаңа бағытта қарқын алатын болады», - деді Ж.Түймебаев.

Жолдаудағы үшінші міндет «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» болып отырғанын айтқан облыс әкімі аграрлық аймақ Оңтүстік Қазақстан еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласында озық технологияларды қолдануда көш басында тұрғанын атап өтті.

«Интенсивті бақ, тамшылатып суғару, жылыжайлар бағыттарында озық технологиялар енгізу арқылы өнімділіктің жоғарғы деңгейіне жетіп отырмыз. Биылда жаңа технологиялар енгізу бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылатын болады. Қазіргі кезде жалпы аумағы 92 гектарды құрайтын «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығында инвестиция құны 35,6 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Мұнда кедендік рәсімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау қызметтері бір терезе қағидасымен жүргізілсе, бұған қоса уақытша сақтау қызметі де қарастырылған», - деді облыс әкімі.

Қазақстандықтардың ең өзекті әлеуметтік проблемасы – баспана. Сондықтан да Елбасы өзінің Жолдауында тұрғын үй құрылысы саласына ерекше назар аударып отырғанын айтқан Ж.Түймебаев биыл Оңтүстікте 245 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүрзіліп, оның 91-і немесе 4 733 пәтер пайдалануға берілгенін жеткізді. Сондай-ақ, әкім өткен жылдан өтпелі болған 154 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысынан бөлек, осы жылы тағы да 100 көпқабатты үй құрылысы басталатынын айтты.

Дамудың 10 бағытын айқындаған Елбасы Жолдауы – жаңа мақсаттарға жетелейтін ең басты құжат болып табылатынын айтқан өңір басшысы саяси құжатты түсіндіру және насихаттау жұмыстары бойынша желілік кесте, медиа-жоспар жасауды тапсырды. Сонымен қатар, әкім барлық деңгейдегі әкімдер мен халық қалаулыларын, ардагерлер және қоғамдық ұйымдар мен сала белсенділерін халық арасында насихаттау жұмыстарына, негізгі басымдықтарының жоғары деңгейде жүзеге асырылуына белсенді атсалысуға шақырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар