Зорланған бала оқиғасынан кейін ОҚО әкімі ел ағаларын жастармен жұмыс істеуге шақырды

21 наурыз, 2018, 09:37 4476 Оңтүстік Қазақстан облысы
Зорланған бала оқиғасынан кейін ОҚО әкімі ел ағаларын жастармен жұмыс істеуге шақырды

ОҚО әкімі Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданы Абай елді мекенінде болып, ел ағаларымен, ауыл тұрғындарымен кездесті. Басқосуда өңір басшысы Наурыз – татулыққа бастайтын мейрам екенін айта келе, тұрғындарды ынтымақпен бірлесе еңбек етуге шақырды, деп хабарлайды BNews.kz ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет ретінде қалыптасып, Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасыр ғана болған бізге татулық пен ынтымақ өте қажет. Сарыағаш шекаралық аймақта орналасқан стратегиялық аудан. Мұндағы халықтың өсімі өте жоғары. Сондықтан да елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Елбасымыздың қолдауымен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мұның бәріне елдегі тұрақтылық пен бірліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Осы жетістіктерімізді ел ағалары мен тұрғындары қолдап, қуаттап отырса, бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндігіміз мол", – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі кездесу барысында Абай ауылында орын алған оқиғаға да тоқталды. Бұл мәселемен тиісті құзырлы органдардың айналысып жатқанын айта келе, болшақта мұндай жағдайлардың орын алмауы үшін ел ағалары, ауыл билері бірігіп жүйелі түрде жұмыс істеу керектінін мәлімдеді.

Кездесуде сөз алған ауыл биі М.Ілесбеков ел ішіндегі түрлі мәселелердің дер кезінде шешілуіне барлығының да мүдделі болып, жұмылу қажеттігін жеткізді.

Жиын соңында облыс басшысы сарыағаштық тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізде тыныштық пен берекенің салтанат құруын тіледі.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысына бала жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева арнайы келіп, "жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық көрді" делінген баланың жай-күйімен танысқанын және оны Астана қаласындағы арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасын өткізу үшін алып кеткенін хабарлағанбыз.

Кеше ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы мектепте орын алған келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға шара қолданды. Аталған іске қатысты бірқатар полиция қызметкері жұмыстан босатылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар