ОҚО-да дәрігерлер шала туылған үшемді аман алып қалды - Жаңалықтар | BNews

ОҚО-да дәрігерлер шала туылған үшемді аман алып қалды

ОҚО-да дәрігерлер шала туылған үшемді аман алып қалды

Оңтүстік Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы үшемі дүниеге келді.

Шымкент қаласындағы №2 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері небәрі бір жарым келі салмақпен туылған нәрестелерді 40 күн бойы күтіп, жетілдіріп барып бүгін перзентханадан шығарып салды, деп хабарлайды BNews.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұрпағы көбейіп, өрісі кеңейген отбасының жас ана мен шала туған сәбилердің өмірін арашалап қалған ақ халаттыларға айтар алғысы шексіз.

Биылғы жылдың алғашқы үшемі 16 қаңтар күні дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстанда облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылынан №2 облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген 21 жастағы Гузал Нурмиминоваға шұғыл түрде ота жасалған. Айы-күні толмай туылған сәбилердің салмағы небәрі 1,5 келідей ғана (біріншісі – 1495 грамм, бойы – 38 см, екіншісі – 1590 грамм, бойы – 40 см, ал үшіншісі – 1640 грамм, бойы – 41 см) болған.

Дәрігерлер аман алып қалған екі қыз бала мен бір ұл мерзімінен бұрын, яғни, жеті айлық болып дүниеге келген. Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, бір айды арнайы күтім жасайтын бөлімшеде өткізді. №2 облыстық перинаталдық орталық дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде бір келіден салмақ қосқан.

Ақ халаттылардың біліктілігі мен күтімінің, тынымсыз еңбегінің арқасында шала туған нәрестелер аман қалып, анасы балаларын бауырына басты. Алғаш рет ана атанған 21 жастағы Гузал Нурмиминованың жақындары сәбилерді Зухра, Захро және Хасан деп атаған. Қазір олардың өміріне еш қауіп жоқ.

Жалпы соңғы 10 жылдың ішінде облыста жыл сайын 7-13 үшем дүние есігін ашады. Бір жылда дүниеге келетін егіздердің саны – 800-ге жуық.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары