ОҚО-да денсаулық сақтау мекемелері цифрландырылуда - Жаңалықтар | BNews

ОҚО-да денсаулық сақтау мекемелері цифрландырылуда

ОҚО-да денсаулық сақтау мекемелері цифрландырылуда

Аймақта кешенді медициналық "Даму" ақпараттық жүйесін енгізу қолға алынған. Осы жылдың екінші жарты жылдығына дейін онымен барлық медицина мекемелері толық қамтылмақ.

Бүгінгі күнге өңірдегі медициналық мекемелердің ақпараттандырылуы 63 пайызды құрайды. Үйде отырып, интернет арқылы дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылуға болады, деп хабарлады 24.kz. Бірақ, әзірге барлық медициналық мекемеде емес. 

"Қазір әлдеқайда жеңіл болып қалды. Бұрын 200 шақырымнан келіп, дәрігерге қабылдауға жазылатынмын. Кезек алған соң кері қайтатын едім. Бұл жолы дәрігердің бос уақытына үйде отырып жазылдым", - дейді жергілікті тұрғын Равшан Замиров. 

Науқастың уақыты үнемделеді. Бұл кешенді медициналық ақпараттық жүйенің бір тиімділігі. Сосын, дәргер де, науқас та қағазбастылықтан арылады. Енді әрбір азаматтың жеке электронды денсаулық паспорты болады.

"Жыл сайынғы жиналған анализдердің қағаздары, қорытынды ана дәрігерге барғаны, мына дәрігерге барғаны бар. Оны жоғалтып алмайын деп парақтап, том-том қылып жинап жүргені болмас үшін осы жүйе енгізіліп жатыр", -деді облыстық клиникалық аурухананың емхана меңгерушісі Еркін Нұрлыханов.

Бар ақпарат ортақ серверде сақталады. Алдағы уақытта рентген суреті мен компьютерлік тамографияның пленкасы да тіке науқастың өз парақшасына түсетін болады. Ол үшін барлық медициналық мекемелерді компьтермен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 1,9 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. 

"Қазіргі таңда 7,5 мың дана компьютер сатып алынып, облыс бойынша ауылдық емхана, медициналық тіректердің барлығы 100 пайыз компьтермен қамтамасыз етіліп, бізде ақпараттандыру жүйесі толығымен орындалатын болады", - деді  денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев.

Тұрғындары тығыз орналасқан оңтүстік өңірде емханада кезек күтпеу бұл үлкен әлеуметтік мәселенің шешілгені.

Ұқсас жаңалықтар

`