ОҚО-да "Шабыт күні" ерекше көрме өтті - Жаңалықтар | BNews

ОҚО-да "Шабыт күні" ерекше көрме өтті

ОҚО-да

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ерекше көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды BNews.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Аймақта 1 наурыз – Алғыс айту күніне әртүрлі мәдени іс-шара өткізу жоспарланған. Осыған орай онкүндіктің үшінші күні - "Шабыт күні" деп аталды.

Шабыт күніндегі көрмеге "Ынтымағы жарасқан Қазақстан!" атауы берілді. Көздің жауын алатын керемет бұйымдар көрмеде өте көп.

Ордабасы ауданының тұрғыны Қасиет Исабеков өңірге белгілі қолөнер шебері. Ол көрмеге өзі жасаған ұлттық бұйымдарын әкеліпті. Солардың арасындағы ең бағалысы - ер тұрман. Құны 2,5 миллион теңге тұратын ерді күміспен қаптап, асыл тастардан көз орнатқан.

"Ата-бабаларымыздың қолданған заттарын жасап, оны халық арасында насихаттау өз борышым деп санаймын. Қазір бұл заттарды көп қолданбайды. Қазіргі жастарға көрсетіп, таныстыру біздің борышымыз. Осындай көрмелер жиі ұйымдастырылып тұрса оның берері мол", - деді  қолөнер шебері Қасиет Исабеков

Көрмеге 20-дан астам қолөнер шеберінің ұлттық бұйымдары қойылған. Көрмеде ұлттық музыкалық аспаптар ерекше назарда болды.

 "Бүгінгі ұлттық бұйымдар қойылған көрмеге оқушыларымды арнайы алып келдім. Оларға музыкалық аспаптар қатты ұнады. Ұлттық аспаптың үнін тыңдап, шеберге әртүрлі сұрақтар қойып, қызығушылық танытып жатыр. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын", - деді қала тұрғыны Маржан Шарафи.

Ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен әсемделіп жасалған әшекейлер де осы жерден табылды. Тұрмыста қолдануға арналған неше түрлі киіз бұйымдар да бар. Көрме тек Шымкентте ғана емес, барлық аудандарда да өткізіліп жатыр.

 "Келушілердің басым көпшілігі жастар. Барлығы әр затқа қызығып, сол зат жайлы көп білгісі келіп тұрғаны бізді қуантты. Халыққа қажет іс-шара болғанына көңіліміз толды. Мұндай көрмелер мұнымен тоқтамайды. Әлі де ұйымдастырылатын болады", - деді көрме ұйымдастырушысы Ербас Өтегенов.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары