Оқушылар мен ата-аналарды артық оқу жүктемесінен босату керек – Назарбаев

21 қараша, 2018, 19:10 1712 Астана
Оқушылар мен ата-аналарды артық оқу жүктемесінен босату керек – Назарбаев

Орта білім беру ісін жаңартылған мазмұнға көшіруді 2021 жылға қарай аяқтау қажет.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнінде өткізген кеңес барысында "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын тиянақты дайындау қажеттігін тапсырды, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Ол педагог кәсібінің мәртебесін арттыруға бағытталған нақты ынталандыру шараларын енгізу керектігін атап өтті. Қазақстан Президенті мұғалім қай кезеңде де Қазақстан қоғамында ерекше орын алғанын айтты.

"Білім беру ісінің барлық деңгейінде жеке сектормен серіктестікті дамытқан жөн. Мектептерде жан басына қатысты қаржыландыру жүйесін енгізуді жалғастыру қажет. Мұндай тәсіл білім беру саласындағы жеке капиталдың үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – әлемдік үрдіс. Сондай-ақ, бақылаушы органдар тарапынан мектептерге жүргізілетін сансыз тексерулерді шектеу керек", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мұғалімдер жұмысының тиімділігін арттыру үшін жағдай жасаудың маңыздылығын айтты. Осыған орай, педагогтердің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етіп, оқушылардың ішкі тәртібіне қатысты ережелердің бұзылуына жол бермеу қажеттігіне баса мән берілді.

"Оқушылар мұғалімдерді тыңдауға және құрметтеуге тиіс. Ата-аналар мен оқытушылар балаға екі жақтан бақылау жасауы керек", – деді Елбасы.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің проблемаларына тоқталып, өңір әкімдеріне осы мәселелерді шешу үшін тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді. Атап айтқанда, Елбасы осы мақсатпен 123 мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев халыққа тегін техникалық және кәсіптік білім беруді қамтамасыз ету жөніндегі жобаны жүзеге асыру барысына тоқталды.

"Былтырдан бастап барлық азаматтар үшін тегін техникалық және кәсіптік білім беру жобасы жүзеге асырылуда. Біздің міндетіміз – алғашқы жұмысшы мамандығына баулу. Сонымен қатар, бұл мамандықтар экономикада сұранысқа ие болуға тиіс. Техникалық және кәсіптік білім беру ісінде студенттердің 12 пайызы ғана дуальды біліммен қамтылған. Колледждерді материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз ету проблемасы толық шешімін таппай отыр", – деді Мемлекет басшысы.

Осы саладағы мәселелерді шешу үшін техникалық және кәсіби білім беру ісін жаңғырту жөнінде жүйелі шаралар қабылдау, сондай-ақ, дуальды білім берудің үлесін арттыру қажеттігі айтылды.

"Жоғары білім саласында университеттерге академиялық еркіндік пен дербестік берілген, тиісінше жауапкершілік те артты. Енді, жоғары оқу орындары алдына өз түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде мәселе қою керек. Егер түлектері жұмыс таппаса, онда оқу орны өзінің міндетін атқармай отыр деген сөз", – деді Елбасы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар