Ол көмектесуге әрекет жасамады – Тоқмәдиге әріптесі мінездеме берді - Жаңалықтар | BNews

Ол көмектесуге әрекет жасамады – Тоқмәдиге әріптесі мінездеме берді

19 ақпан, 14:49 935 Жамбыл облысы
Ол көмектесуге әрекет жасамады – Тоқмәдиге әріптесі мінездеме берді

Мұратхан Тоқмәдидің әріптесі сотта сөйлеп, аңға бірлесе шыққан кездегі оқиғаны суреттеп берді.   

Банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты куәгер Ерлан Атамқұлов 90-шы жылдардың соңында болған жағымсыз оқиға туралы айтты. Осыдан кейін ол сотталушы Мұратхан Тоқмәдимен байланысын мүлдем үзген, деп хабарлайды BNews.kz.

Ерлан Атамқұлов Мұратхан Тоқмәдимен 90-шы жылдардың басынан бері таныс екенін айтты. Ол кезде бұрыңғы әріптестер бірлескен бизнестерін енді бастап, "Рахат" мейманханасының құрылысымен айналысып жатқан. 

"Мұратхан бірлескен кәсіпорында жұмыс істеп, жетекшілік етті. Біз 1997-1998 жылдарға дейін араластық. 1999 немесе 2000 жылдардан кейін шамамен 17-18 жыл біз араласқан жоқпыз, тек бір-екі рет қана жолығып қалдық", - деді Ерлан Атамқұлов.

Тергеу кезінде куәгер аңшылық кезінде болған жағымсыз оқиғаны есіне түсірді. Бір ажалдан аман қалғаннан кейін ол бұрынғы әріптестесімен байланысты мүлдем үзген. 

"Тоқмәдимен бірнеше рет аң және балық аулауға шықтым. Соңғы рет 1997-1999 немесе 2000 жылдары болды. Біз қарда жүретін екі көлікпен жүрдік. Мен қорық қызметкерімен бірге су қоймасының үстімен келе жаттым. Мұратхан алдымызда кетіп бара жатты. Артта келе жатқан екеуміздің астымыздағы мұз жарылып, біз суға бата бастадық. Одан әрең шықтық. Мұратхан қауіпсіз жерге дейін барды да, бізге көмек көрсетудің еш әрекетін жасамады. Осы оқиғадан кейін мен онымен араласудан бас тарттым", - деді Атамқұлов.

Куәгердің сөзінше, оқиғадан кейін ол айыпталушымен айтарлықтай байланыспаған, алайда Тәтішевтің өлімінен кейін 2004 жылы желтоқсанда Атамқұловқа Тоқмәдиден бірнеше қоңырау келіп түскен. Сонымен қатар, бұл туралы Ержан Тәтішевтің жеке күзетшісі Сергей Козлихин де сотқа жауап бергенде айтқан.

"Ол өте көп рет қоңырау шалды, бірақ сол күні (2004 жылдың 19 желтоқсанында – ред. ескертуі) мен басқа жерде аң аулауды жоспарлап қойған болатынмын. Мен олармен баруым үшін ол маған 6-7 рет қоңырау шалды. Біз алдын ала келіспеген болатынбыз", - деді сотта Атамқұлов.

Куәгердің айтуынша, ол да Тәтішевпен бір-екі рет аң аулауға барған және жұмыс бабы бойынша бірнеше рет қана кездескен, алайда онымен жақын достық қарым-қатынаста болмаған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Таразда Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот отырысы өтіп жатыр, ол 2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отыр. Кәсіпкер, "КазСтройСтекло" компаниясының директоры 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-баптың 2-тармағының "ж", "з" пунктерi (алдын ала келiсiп, топпен қасақана адам өлтiру) бойынша айыпталып отыр. Айыпталушы тыңдалым барысында айыбын толық мойындады.

Ержан Тәтішевтің өліміне Мұхтар Әбләзовтің қандай қатысы бар екенін сотта куәгер айтып берді. Банкирдің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер өзінің қайтыс болған ағасымен олигарх Мұхтар Әбләзовтің ірі ақшалай қаражатын қолма-қол ақша етіп бергендерін айтып берді. Оның айтуынша, банкир Тәтішев тапсырыс беру арқылы өлтірілген.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары