Ол оған ашық түрде қоқан-лоққы көрсетті – куәгер Әбләзов пен Тәтішевтің қарым-қатынасы туралы - Жаңалықтар | BNews

Ол оған ашық түрде қоқан-лоққы көрсетті – куәгер Әбләзов пен Тәтішевтің қарым-қатынасы туралы

26 ақпан, 15:29 959 Жамбыл облысы
Ол оған ашық түрде қоқан-лоққы көрсетті – куәгер Әбләзов пен Тәтішевтің қарым-қатынасы туралы

Сот барысында куәгер 2003 жылы түрмеден шыққан Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтен БТА Банктегi үлесiн қайтаруды талап еткендігін айтты.

Тараз қаласында өтіп жатқан банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты сот отырысында кәсіпкер, қаза тапқан қаржыгердің досы Яшар Латыев жауап берді. Куәгер банкирдің өліміне дейінгі аздаған уақыт ішіндегі Әбләзов пен Тәтішевтің бір-бірімен қиын қарым-қатынасы туралы айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz.

Куәгердiң айтуынша, 2003 жылы түрмеден шыққан Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтен БТА Банктегi үлесiн қайтаруды талап еткен.

"Ержан Тәтiшевпен таныстыққа келсем, 2000 жылдардың басында Тәтiшев менiң кәсiпорнымды аралаған едi. Осыдан кейiн бiз жақсы араласып кеттiк, мен банктен (Тұран Әлем Банкi - авт.) қаржыландырыла бастадым. Оған бiздiң кәсiпорын ұнады. 2003 жылы Мұхтар Әбләзов түрмеден шықты. Осыдан кейiн Әбләзовтiң Тәтiшевке негiзсiз талаптар қоя бастағанын естiдiм", - дедi Латыев.

Куәгердiң сөзінше, Мұхтар Әбләзов банкке оралғысы келдi. Ол "Ержан Тәтiшев менi Тұран Әлем Банкi құрылтайшылар құрамынан, акционерлер құрамынан заңсыз шығарды. Менi активтерiмнен заңсыз айырды" деп жүрдi. Ал, Ержан "оныкi қылмыстық бап болғандықтан өзара келiсiмiмiз бар" деген едi.

"Ержан маған "Әбләзовтiң алдындағы барлық мiндеттеменi орындадым, белгiлi бiр соманы да төледiм. Мен келiсiлгеннiң барлығын орындадым. Ал ол болса, достарымның арасында менiң беделiме нұқсан келтiретiн қауесет таратып жүр" деген болатын", - дедi Яшар Латыев.

Яшар Латыев Ержан Тәтiшевпен соңғы кездесуi жайлы да әңгiмелеп бердi. Куәгердiң айтуына қарағанда, олар 2004 жылы 17 желтоқсанда соңғы рет кездескен. Сол күнi таңертең және кешке жүздескен. Тәтiшев Латыевты банк саласындағы iскерлiк кешке шақырған. Кеште Тәтiшевтiң әрiптестерi болған.

"Тәтiшевтiң таныстары мен достары оның Мұхтар Әбләзовпен қарым-қатынасы күрделi екенiн бiлдi. Ержан маған "Әбләзов талаптар қояды. Жанжал шығаруға тырысады. Кейде ашық түрде қоқан-лоққы көрсетедi" деген едi. Бұл жайлы мен толық сұрастырмадым. Ол да маған айтпады. Соңғы кеште оның көңiл-күйi болмады. Мен тiптi, одан "бiздiң кездесудi ертеңге қалдырайық па?" деп сұрағанда, ол "достарыммен аңға шығамыз деп келiсiп қойдым" деп жауап берген едi", - деді куәгер Латыев.

Сондай-ақ, ол қаза тапқан досының қандай адам болғанын айтып, оған сипаттама берді.

"Тәтiшев 20 желтоқсан - дүйсенбi күнi Алматыдағы кеңседе кездесудi ұсынды. Мен осы кеште оны соңғы рет көрген едiм. Ал аңшылық кезiндегi қайғылы оқиға жайлы сол күнi бiрден естiдiм (Тәтiшев 19 желтоқсанда қаза тапты - авт.). Ержан сенуге тұрарлық адал адам болатын. Оның кезiнде банк ТМД-дағы үздiк банктердiң қатарынан көрiндi. Ол банктiң бiрнеше филиалын ашты", - дедi куәгер.

Куәгер Мұхтар Әбләзовпен таныс болғанын, онымен екi рет кездесiп, екi ретiнде де кикiлжiң туындағанын айтты.

"Мен Әбләзовпен бiр рет әуежайда кездейсоқ кездесiп қалдым. Екiншi рет жұмыс бойынша кездестiк. Бiрақ, одан да еш нәтиже шықпады. Әбләзов 2005 жылдың мамырында жұмысқа келдi. Мен бiр айдың iшiнде барлық активiмдi алып, Қазкоммерцбанкке кеттiм", - дедi Яшар Латыев.

Естеріңізге сала кетейік, Таразда Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот отырысы өтіп жатыр, ол 2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отыр.

Банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты куәгер Ерлан Атамқұлов 90-шы жылдардың соңында болған жағымсыз оқиға туралы айтып, "Ол көмектесуге әрекет жасамады" деп Тоқмәдиге мінездеме берді. Осыдан кейін ол сотталушы Мұратхан Тоқмәдимен байланысын мүлдем үзген.

Осыған дейін сотта Асхат Сейітовтің інісі – Талғат Сейітов растап, Мұхтар Әбләзовтің қолма-қол ақшаға айналдырылған қаржысын жеткізіп беру схемасы туралы айтып берген болатын.

Аталған сот отырысының тағы бір тыңдалымында қашқын олигарх Мұхтар Әбләзовтің қаржылай құйтырқылықтары және оған ақшалай ірі соманы бергендігі туралы "Астана индекс" ақша айырбастау пунктінің кассирі Елена Тутик айтып берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары