Өскеменде Олимпиада-2018 жүлдегері Галышеваны салтанатты түрде күтіп алды - Жаңалықтар | BNews

Өскеменде Олимпиада-2018 жүлдегері Галышеваны салтанатты түрде күтіп алды

Өскеменде Олимпиада-2018 жүлдегері Галышеваны салтанатты түрде күтіп алды

Қола жүлде иесін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова құттықтады.

Бүгін Өскеменге фристайл могулден Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындарында қола медаль иеленген Юлия Галышева оралды. Спортшыны  қалың жанкүйер мен қала тұрғындары қуанышпен қарсы алды, деп хабарлайды BNews.kz ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақ Олимпиада ойындарының жүлдегерін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова құттықтады.

"Сізді және жаттықтырушыңызды аймақ басшылығы атынан дүбірлі додада қола медаль иеленулеріңізбен құттықтаймын. Әрине, бұл тарихи сәт. Жеңісіңізге барлығымыз шын жүректен қуаныштымыз. Алдағы уақытта жарқын жеңістермен қуанта береді деген сенімдеміз", - деді Әсем Нүсіпова.

Сондай-ақ, спортшыны ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов құттықтады.

Юлия Галышева отандық қысқы спорт тарихының жарқын өкілі. Пхёнчханда шығысқазақстандық спортшы біліктілік кезеңінен іркілмей өтіп, ақтық сынға жолдама алды. Үздік алты фристайлшының қатарына еніп, 77,40 ұпайымен төртжылдықтың басты додасының қола медаліне иелік етті.

"Еліміздің туы көкке көтерілгенде ерекше толқыныста болдым. Осы жүлдеге қол жеткізіп, қалың жанкүйердің сенімін ақтай алғаныма қуаныштымын", - деді Юлия Галышева.

Шығысқазақстандық спортшының айтуынша, ол әлі де бірқатар сайыстарға қатыспақ. Бірнеше күннен кейін Жапония жерінде өтетін әлем Кубогі кезеңіне жол тартады. Споршыны алда әлі төрт жарыс кезеңі күтіп тұр.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындары 25 ақпанға дейін жалғасады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 11 ақпанда фристайл жарысының финалында алты ойыншы бақ сынасып, отандасымыз Юлия Галышева қола жүлдеге ие болды.

Қазіргі кезде аталған қола медаль Олимпиада-2018 ойындарынан Қазақстан қоржынындағы жалғыз жүлде болып отыр. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары