"Оның жұлдызы ешқашан сөнбейді" – Димаш Құдайберген Денис Тенмен достығы туралы айтып берді

Написать нам
16 қараша, 2018, 18:57 3095 Астана

Жақында Лондонда өтетін концертінде Димаш өмірден озған досының құрметіне "SOS d'un terrien" әнін шырқайды.

Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенмен достығы туралы естеліктерімен бөлісті. Ол Астанаға келісімен Сочиде өткен Олимпиаданың қола жүлдегерін еске алуға арналған көрмені аралап көргенін айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

"Денис Тен – қазақ халқының ешқашан сөнбейтін жарық жұлдызы. Мен кеше түнде Астанаға ұшып келе салып, Денис Теннің көрмесін ұйымдастырған адамдарға алғыс айтып, көрмені аралап көргім келді. Әрине, мен өткенді еске алу үшін жалғыз өзім бардым. Денисті мақтау тіпті артық болады. Егер сіз оны спортшы ретінде білсеңіз, мен оны нағыз дос ретінде білдім", - деп атап өтті Димаш Құдайберген.

Оның сөзінше, Денис Тен өзін ешқашан жұлдыз деп санамаған қарапайым жігіт болды.

"Біз бұрын да таныс болғанбыз, алайда соңғы жылдарда қатты достасып кеттік. Маған Денистің қарапайымдылығы ұнайтын. Бірде біз түнде студияда отырып қалжыңдасқанбыз. Өздеріңіз білетіндей, кейбір адамдар биіктерді бағындырып, өздерін жұлдыз санайды да, оны басқаларға көрсеткісі келеді. Денисте ондай ешқашан болмаған. Біз "Бұл қалай? Олимпиада жүлдегері бізбен бірге қоғамдық асханаға тамақтануға барады?" деп күлген болатынбыз. Біз қарапайым асханаға да бара алатынбыз. Бұл Денистің әрқашан қарапайым әрі ашық-жарқын адам болғанын көрсетеді", - деп сөзін толықтырды ол.

Сондай-ақ, Димаш Құдайберген Денис Теннің қазақстандық спорттың дамуына қосқан баға жетпес үлесі туралы айтып өтті.

"Денис – Қазақстанның мақтанышы. Ол Қазақстанның туын барынша жоғары көтеру үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған адам. Мұндай адамдар көп емес. Өздеріңіз ойлап көріңіздер, мәнерлеп сырғанау – оған дейін ешқашан қазақстандықтар болмаған спорт түрі. Ол біз ешқашан жетпеген биіктерге көтерілді. Денис мәнерлеп сырғанауда қазақстандықтардың да Олимпиада чемпионы бола алатынын дәлелдегісі келді. Сол үшін ол жылдар бойы шетелде дайындалды, өзінің тәжірибесін отандастарымен бөлісу үшін білім алды. Оның арманы өзінің дағдыларын спортшыларымыздың жаңа буынына беру болатын", - деді әнші.

Жақында Лондонда өтетін концертінде Димаш өмірден озған досының құрметіне "SOS d'un terrien" әнін шырқайды.

"Біз Дениспен үлкен концертте бірлесіп ән айтамыз деп келіскен едік. Пекинде немесе тағы басқа бір жерде бірге ән салғымыз келген. Енді мен бұл әнді Лондонда жалғыз өзім орындаймын", - деп сөзін түйіндеді Димаш Құдайберген.

Еске сала кетейік, 19 қарашада Димаш Құдайбергеннің "DQ" атты жаңа шоуы Ұлыбританиядағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында өтеді. Концертті ҚР Мәдениет және спортминистрлігі ұйымдастырып, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен өтеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар