Оңтүстік Қазақстан облысында адвокаттар тапшы - Жаңалықтар | BNews

Оңтүстік Қазақстан облысында адвокаттар тапшы

Оңтүстік Қазақстан облысында адвокаттар тапшы

Оңтүстік Қазақстан облысында 427 адвокат қызмет атқарады. Яғни, бұл бір қорғаушыға 6766 азамат жүгінеді дегенді білдіреді, деп хабарлайды BNews.kz ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ, облыстағы халық саны көп шоғырланған Түркістан қаласында бір адвокатқа 13 мың азаматтан келсе, Мақтаарал ауданында бір қорғаушыға 20345 азамат жүгінеді. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен селекторлық жиында облыстық әділет департаментінің басшысы Орынбасар Тастанов мәлімдеді.

Департамент басшысының айтуынша, елімізде адвокаттардың жетіспеушілігі байқалады. Заң көмегін көрсету барысында сапаның төмендігі мен азаматтарды қорғау механизмінің жоқтығы да сезіліп отыр.

Аталған олқылықтарды шешу үшін елімізде «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжатта «заң кеңесшілері» деп аталатын жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлерді палатаға біріктіру мәселесі көзделіп отыр.

Сонымен қатар, халықаралық тәжірибедегі «Про Боно» институтын енгізу жоспарда бар.

Өңірдегі заң көмегіне жүгінетін азаматтардың көптігі мен адвокат жетіспеушілігіне ерекше мән берген өңір басшысы жаңа заң жобасының маңыздылығына тоқталып, облыстағы адвокаттар қауымдастығының жұмысын жүйелеп, маман даярлау мәселесіне мән беруді тапсырды.

«Облысымызда заң көмегіне жүгінетін азаматтардың қарасы жыл санап артып отыр. Осы ретте өңірдегі адвокаттар қауымдастығының жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ, қорғаушыларды даярлау мәселесіне ерекше мән беруіміз керек. Бүгінде адвокаттардың беделі мен біліктілігі төмендеп кеткен. Мұның басты себебі — адвокаттық мектептің әлі де болса дұрыс қалыптаспағаны. Сондықтан жаңа заң жобасын баршамыз бір ауыздан қолдауымыз қажет», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жаңа заң аясында адвокат болу үшін алынатын жарналарды алып тастау көзделуде. Себебі адвокаттардың көбі жоғары мөлшердегі кіріс жарналарын төлей алмайды. Оның көлемі елімізде 800 мың теңге болып бекітілген. Жаңа заңнамаға сәйкес, адвокаттардың біліктілігін арттыру механизмі қайта қаралатын болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары