Оңтүстік Кореяда Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтті

22 шілде, 2018, 15:20 1953
Оңтүстік Кореяда Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтті

Танымал мәнерлеп сырғанаушының отбасына көңіл айту үшін Қазақстан елшілігіне жүздеген адам жиналды.

Оңтүстік Корея халқы Сеулдегі Қазақстан елшілігіне үшінші күн қатарынан ағылып жатыр. Олар арнайы кітапшаға көңіл айту сөздерін жазып, Денис Теннің суретінің қасына гүл шоқтарын қоюда, деп хабарлайды BNews.kz Хабар24-ке сілтеме жасап.

Қазақстандық спортшыны жергілікті жұрт жақсы таниды. Корея Республикасы біртуар спортшыны тек талантты мәнерлеп сырғанаушы ғана емес, әйгілі генерал Мин Гын Хоның ұрпағы ретінде біледі. Денис көзі тірі кезінде Оңтүстік Корея халқының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Бұл, әсіресе, Пхёнчханда өткен олимпиада кезінде кореялық жанкүйерлер тарапынан жақсы байқалды.

Сонымен қатар, спортшы мәнерлеп сырғанаудан Сеулде ұйымдастырылған "Уолл Зэт Скэйт - 2026" шоуында тамаша өнер көрсетті. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары суыт хабарды жеткізе сала тұрғындар қазақ халқының орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айта бастады.

Блогер Мин Кен Ха Денис Теннің Оңтүстік Кореядағы беделді қайраткерлердің бірі екенін атап өтті.

"Ол Қазақстаннан Кореяға келгенде қатты қуанған едім. Денис Тен – ұлы чемпион. Оның атасы – біздің елдегі беделді қайраткерлердің бірі. Жатқан жері жайлы болсын", - деп көңіл айтты блогер.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар