Оңтүстікқазақстандық жеті жасар баланың ісі туралы Сағадиев пікірін білдірді - Жаңалықтар | BNews

Оңтүстікқазақстандық жеті жасар баланың ісі туралы Сағадиев пікірін білдірді

19 наурыз, 14:11 3406 Астана
Оңтүстікқазақстандық жеті жасар баланың ісі туралы Сағадиев пікірін білдірді

Министрдің мәлімдеуінше, қандай да бір дерек расталатын болса, қатаң шаралар қабылданатын болады.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оңтүстікқазақстандық жеті жасар баланың ісі туралы пікірін білдірді. Ол қандай да бір дерек расталатын жағдайда, қатаң шаралар қабылданатынын айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

"Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Менің ойымша, қазір әр бес минут сайын сұхбат берудің еш мәні жоқ. Тексеру нәтижесін күтейік. Біз прокуратурамен және ІІД-мен кеңестік. Әзірше тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, мен сіздерден бұл сұрақ бойынша балаға қатысты қосымша пікір білдіруді тоқтата тұруларыңызды сұраймын", - деді министр үкіметтік сағаттан кейін журналистердің сұрағына берген жауабында.

Ол қазіргі уақытта бала қауіпсіз жерде екенін және бұл мәселемен көптеген адам айналысып жатқанын қоса айтты.

Сондай-ақ, Ерлан Сағадиев мектеп әкімшілігіне қандай жаза қабылданатыны туралы журналистердің сұрағына жауап берді.

"Тексеру нәтижелері, сараптама нәтижелері шығып, қандай да бір дерек расталатын болса, біз ең қатаң шаралар қабылдайтын боламыз", - деді Сағадиев.

"Сәуір айының басында Алматыда барлық ғылыми-өндірістік бірлестікпен үлкен кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз Аружан Саинды да, басқаларды да шақырамыз, тағы да сол оқиғаға қатысты жағдайдың орын алмауы үшін біздің мемлекетіміз бен қоғам қандай қосымша шаралар қабылдауы керектігін талқылайтын боламыз", - деп ақпарат берді ҚР БҒМ басшысы.

Сонымен қатар, министр тергеу жұмыстары аяқталған соң, ведомство мектептерде кешенді тексеріс жасайтынын хабарлады.

Ұқсас жаңалықтар