«Open Qyzylorda» енді WhatsApp желісінде жұмыс жасайды - Жаңалықтар | BNews

«Open Qyzylorda» енді WhatsApp желісінде жұмыс жасайды

13 қазан, 14:40 5761 Қызылорда облысы
 «Open Qyzylorda» енді WhatsApp желісінде жұмыс жасайды

Ұлт жоспарының «Ашық Үкіметті» қалыптастыру мақсатын жүзеге асыруда Қызылорда қаласы әкімдігінде жаңа жоба қолға алынды. Қоғаммен байланыста ашықтықты мақсат тұтқан «Ашық Қызылорда - Open Qyzylorda» жобасы 2017 жылдың 15 наурызынан бастап іске қосылды.

Заманауи технологияны пайдалана отырып, халық пен биліктің арасында ашық байланыс орнатуға бағытталған жоба WhatsApp мессенджерінде 8 702 887 11 11 нөмері арқылы жүзеге асырылуда. Тұрғындар Қызылорда қаласының күнделікті тыныс-тіршілігіндегі мәселелерді, ұсыныстарды көрсетілген нөмерге жұмыс күндері (дүйсенбі-жұма) сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін жолдауда.

Жолданған хабарламаларға «Қабылданды» сөзін жіберу арқылы назарға алынғандығы білдіріледі. Жоба бір ай көлемінде пилоттық режимде жұмыс жасап, халықтан түскен шағымдар мен ұсыныстар бойынша өзгертулер енгізілді.

«Ашық Қызылорда - Open Qyzylorda» жобасына Whatsapp месенджер арқылы жолданған әрбір хабарламаның маңыздылығы мен мәселесі бойынша жауапты дербес бөлімдерге бөлінеді және әрі қарай мәселені шешу механизмі іске қосылады.

Келіп түскен хабарламаларды екіге бөліп қарастыруға болады. Шұғыл хабарламалар: ауыз су және кәріз жүйесінің істен шығуы, жылу жүйелеріндегі ақаулар, электр желілеріндегі ақаулар мен апаттар, өрт, жол-көлік, төтенше жағдай оқиғалары, қаладағы көрнекі ақпарат құралдарының немесе жол белгілерінің, люк қақпақтарының ашықтығы, мемлекеттік рәміздердің жыртылуы, еңбекақы төленбеуі, коммуналдық қызметкерге түбіртек берілмеуі т.б.

Ақпараттық хабарламалар: жол сапасы, жолаушылар тасымалы, жолдың жабықтығы, қоқыс жәшіктерінің уақтылы тазармауы, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметі, азаматтарды қабылдау мәселелері бойынша кеңес алу т.б.

Жолданған хабарламаларға шаралар қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жолданып, бұл хабарламалардың орындалу нәтижесі фейсбук және инстаграмм әлеуметтік желісіндегі арнайы ашылған «Open_Qyzylorda» парақшаларында жариялануда.

Бүгінгі күнге «Ашық Қызылорда - Open Qyzylorda» жобасына Whatsapp месенджер арқылы 1000-ға жуық тұрғыннан хабарлама қабылданды. 800-ден аса мәселеге жауап беріліп, тиісті шара қолданды. Қалған сұрақтар назарға алынып, жұмыс жасалуда. Мысалға, нақты шешілген мәселелердің бірі К.Байсейтов көшесінің бойындағы арықта қоқыс шашылып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті, сол мезетте жұмысшы топ барып тазарту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жоба арқылы нақты шешімін тапқан мәселелерге темір жол вокзалы аумағында орналасқан «Жанқожа батыр» ескерткішінің қалпына келтірілгенін жатқызуға болады. Жолданған хабарлама бойынша тапсырма беріліп, аталған ескерткішке жөндеу, тазарту жұмыстары жүргізілді. Шешімін тапқан мәселелердің саны жетерлік. Қоғаммен кері байланыс орнатуда ашықтықты көздеген Қызылорда қаласы әкімдігінің бұл тиімді қадамы тұрғындар тарапынан оң қолдау тауып, алғыс ниеттерін білдіруде. Алдағы уақытта қалалық әкімдікпен жобаны одан әрі жетілдіріп, барынша қоғамға бейімдеу көзделуде.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

`

Серіктестер жаңалықтары