Оралда цифрлы технологиямен аудан жобасы жасалды - Жаңалықтар | BNews

Оралда цифрлы технологиямен аудан жобасы жасалды

02 наурыз, 16:50 2389 Батыс Қазақстан облысы
Оралда цифрлы технологиямен аудан жобасы жасалды

"Нұрлы жер" аясында салынатын жаңа шағын ауданда 150 көп қабатты тұрғын үй бой көтереді

Оралда цифрландыру технологиясының көмегімен тұтас бір шағын ауданның жобасы жасалды.

"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынатын "Ақжайық" атты жаңа аудан келешекте 50 мыңға жуық тұрғынға қоныс болмақ. Орал-Саратов жолының бойында орналасатын қалашықтың құрылысына бюджет және инвесторлар қаржысы тартылады, деп хабарлады 24.kz.

Алдағы жылдар көлемінде салынуы тиіс жаңа шағынауданның кескіні бар. Дәлірек айтсақ, цифрландыру технологиясымен жасақталған 3D форматтағы жобасы. Мұнда әр көше мен әрбір нысанның қандай пішінде және қай жерде орналасатынын анық көруге мүмкіндік бар.  

"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаға орай біз жаңа шағынауданның құрылысын 3D форматта жобалуын бастадық. Үйдің құрылысы, фундаменті, төбесі жабынына дейін 3D форматта көре аламыз. Алдағы уақытта салынатын барлық үйлердің жобалары осы бағдарламаға енгізіліп отырады. Биыл мысалы 10 үй салсақ, сол 10 үйдің жобасы толықтай жылдан жылға, айдан айға толықтырылып отырады", - деді қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев.

Жаңа шағын ауданда 150 көп қабатты тұрғын үй бой көтереді. Әлеуметтік нысандар салынады. Әрбір аула бейнебақылау камераларымен қамтылады. 

Көпірдің көмегімен тұрғындар жаңа шағынауданға 5 минутта жете алады. Жобалау жұмыстары биыл аяқталады. Келер жылы құрылыс жұмыстары басталады. Қазірдің өзінде инженерлік желілерді тартуға "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы 3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Мердігерлер күн  жылынған бойда жұмысты бастауды көздеп отыр. 

"Біз су құбыры желілерін тартатын боламыз. Жалпы ұзындығы 20 шақырымдай. Бұл мақсатқа 80 миллион теңге бөлінді, биыл соның 80 пайызын игереміз. Әрине, жаңа шағын аудан бой көтергені өте құптарлық іс. Жаңадан құрылыс алаңдары пайда болады. Адамдар жұмыспен қамтылады. Біз де құрылыс жұмыстарына 100 шақты жергілікті тұрғынды тартатын боламыз", - деді мердігер компания басшысы Ольга Попова.

Өңір басшысының есептік жиынында "Смарт сити" тұжырымдамасы аясындағы 30 озық жобаның бастылары таныстырылған болатын. Солардың дені келешекте қала өмірінен көрініс табады. Мәселен, құрылыс саласында 3D-жобалауды кеңінен қолдану ғимараттың беріктігін қамтамасыз етеді әрі технологиялық қателіктерді болдырмайды. Өйткені келешек нысанның кескін-көлемі қағаз жүзінде емес, экранда анық көрініп тұрады. Ал болашақта салынатын құрылыстардың барлығы цифрлық форматта жобаланады дейді мамандар.  

Ұқсас жаңалықтар