Ораза айт қазақстандықтарды бірлік пен игілікке үндейді – Бас мүфти

15 маусым, 2018, 10:44 2839
Ораза айт қазақстандықтарды бірлік пен игілікке үндейді – Бас мүфти

Серікбай қажы Ораз қазақстандықтарды мұсылмандардың ұлық мейрамы – Ораза айтпен құттықтады.

Бүгін барлық мұсылман қауым үшін қасиетті мейрам – Ораза айттың алғашқы күні. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазақстандықтарды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды BNews.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап. 

"Біздің халқымыз рамазан айын ежелден ерекше қастерлеп, "Он екі айдың сұлтаны" деп қадірлеген. Ал мереке күндері ағайын-жұрт бір-біріне "айт қабыл болсын" деп, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Ағайын-туысқа айттап бару, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр", - делінген хабарламада.

"Қадірменді қауым! Баршаңызды мұсылман үмбетінің ұлық мейрамы – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті жұма күнімен қатар келген айт мейрамы құтты-берекелі болғай!" - деді Серікбай қажы Ораз.

Бас мүфти Ораза айт – қонақжайлық пен мейірбандықтың, достық пен татулықтың мерекесі екенін, сондай-ақ ізеттілік пен ізгілікке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түсетінін атап өтті.

"Айт – "мерекелеу", "хал сұрасу", "бір-бірін қуанту", "қуанышқа топталу" деген сөз. Демек, бұл күндері отбасын, ағайын-туыс, көршілер мен көмекке мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп, алғысын алудың – сауабы үлкен. Жабыққан жанның көңілін жадыратып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеп, сыйлық үлестіру де – мерекенің сәнін келтіре түсетін ізгі амалдың бірі. Мұсылман қауымының осынау шуақты мейрамында әрбір шаңыраққа баянды бақыт, Алланың амандығы мен берекетін тілеймін. Қасиетті рамазан айында ұстаған оразамыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болсын!" - деді Бас мүфти.

Ораза айтын мұсылмандар айт намазын оқудан бастайды. Бүгін таңертең Қазақстанның әр аймағында оқылған айт намазы әртүрлі уақытта басталды.

Алғашқылардың бірі болып мерекені Алматы, Алматы облысы мен Қарағанды тұрғындары сағат 6:00-де қарсы алды. Содан кейін айт намазы Батыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Талдықорғанда сағат 6:30-да оқылды. 7:00-де айт намазы Астана, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Павлодар, ШҚО, Семей және Жезқазғанда басталса, ал 7:30-да – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары, Қостанайда.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар