Осы жылдың 11 айында сиыр етінің эспорты 14,5 мың тоннаны құрады

04 желтоқсан, 2018, 19:49 2106 Астана
Осы жылдың 11 айында сиыр етінің эспорты 14,5 мың тоннаны құрады

Ауыл шаруашылығының бірінші  вице-министрі Арман Евниев жаңартылған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы айтты.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017–2021 жылдарға арналған ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралды, деп хабарлады primeminister.kz.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен алдына еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге ұлғайту міндетін қойған болатын. Қойылған міндеттерді ескере отырып, Үкімет биылғы жылдың шілде айында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын өзектендіріп, қайта бекітті.

Ауыл шаруашылығының бірінші  вице-министрі Арман Евниев жаңартылған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы айтып берді. Мемлекеттік бағдарламаны басқару алғаш рет жобалық тәсілдемені қолдана отырып, пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Бұл үшін жобаларға жедел бақылау мен нақты мониторинг жүргізіп отыратын толыққанды жобалық офис құрылған. Мемлекеттік бағдарлама жобалық басқару стандарттарына сәйкес 10 салалық, 14 өңірлік бағдарламаға декомпозицияланды. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды көздейтін 10 аралас бағдарламаны әзірлеу үшін басқа мемлекеттік органдармен байланыс орнатылды.

Арман Евниев салалық бағдарламалардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы баяндады.

Шағын және орта шаруа қожалықтарына негізделген етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жүзеге асырылуда. Бұл үшін арнайы жеңілдетілген "Сыбаға" несиелік  өнімі іске қосылған.

"Бағдарлама екінші жартыжылдықта қосылғанына қарамастан, биылғы жылдың жоспары асыра орындалды. Бүгінгі күні 600-ден астам фермер несие алған. Фермерлік шаруашылықтардың ірі қара мал сатып алу бойынша жылдық жоспары 50 мың бас болған. 11 айда 67 мыңнан астам өтінім қабылданды, 55 мың басқа арналған несие мақұлданып, берілді. Аналық табынды тұқымдық түрлендіру жоспары 1,0 млн. басты құрайды. Бүгінгі күннің өзінде тұқымдық түрлендіруге шамамен 977 мың аналық бас немесе 98% қатысуда", - дейді Арман Евниев.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, биылғы жылғы 11 айының нәтижесі бойынша сиыр етін экспорттау көлемі 14,5 мың тонна болған. Сондай-ақ, Арман Евниевтің айтуынша, жыл соңына дейін сиыр етінің экспорты жоспарланған 15 мың тоннадан асып түспек.

Салалық сүт бағдарламасы сүт өндіру көлемін 10 жылда 1 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. Мақсатқа жетудің индикативтік көрсеткіштері айқындалды. 2027 жылға дейін қуаттылығы 400 басқа дейін жететін жаңа 527 отбасылық тауарлық сүт фермасын, қуаттылығы 400 басқа дейін жететін 19 өндірістік тауарлық сүт фермасын ашу жоспарланып отыр.

"Биылдың өзінде 15 тауарлық сүт фермасы іске қосылды. Оның 10-ы - жалпы қуаттылығы 7400 басты құрайтын өндірістік, 5 сүт фермасы - отбасылық. Жылдың аяғына дейін жалпы қуаттылығы 4500 басты құрайтын қосымша 10 ферманы іске қосу жоспарлануда. Осынау мемлекеттік қолдаудың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндіру көлемі  10 айда 1,3 млн тоннаға жетті. Салыстыра кетсек, 2015 жылы ұйымдасқан шаруашылықтар 900 мың тонна сүт өндірген", - деді Евниев.

Миистрліктің айтуынша, дәл ұйымдасқан шаруашылықтар сүттің негізгі бөлігін береді. Аталмыш шаруашылықтар 2017 жылмен салыстырғанда, 10 айдың ішінде 7,8%-ға көп сүт өндірген. Ал, жеке қосалқы шаруашылықтар осы уақыт аралығында небәрі 1,9%-ға ғана артық сүт өндірген.

Құс шаруашылығы салалық бағдарламасы аясында құс етін өндіру деңгейін алдағы 10 жылда 3 есеге ұлғайтып, импортты алмастыруымыз керек. Биыл жылдық қуаты 60 мың тонна болатын "Макинка құс фабрикасы" іске қосылды. Бұл - қазіргі уақыттағы осы саланың ең ауқымды жобасы.

Арман Евниев өсімдік шаруашылығының ең үлкен қоры суармалы жерлерді дамытуда екенін атап өтті. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар жерді, оның ішінде биыл 65 мың гектар жерді айналымға тарту көзделіп отыр. Бүгінгі күннің өзінде 42 млн гектар суармалы жер  айналымына енгізілді. Қалған жерлер жыл соңына дейін енгізілетін болады.

Аталған міндетті орындау мақсатында Ислам Даму Банкі және Еуропа Қайта Құру және Даму Банкімен бірлесіп, 100 млрд теңгеден астам қаржыға 128 мың гектар жердің гидромелиорациялық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан басқа суармалы жерлерді дамыту жөніндегі салалық бағдарлама аясында тағы да 1,5 млн гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тартып, суармалы жерлер аумағын 3,5 млн гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, жалпы егіс егілетін алаң аумағындағы суармалы жерлердің үлесі 16%-ды құрап, өнім көлемі 2,4 трлн теңге деңгейінде болмақ. Суарылатын егіншілік, бұл - тек көкөніс пен жеміс қана емес, мал шаруашылығы үшін кепілді азық көзі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар