Осы жылдың соңына дейін Қазақстан-Қытай арасында ынтымақтастық жоспар әзірленеді

14 маусым, 2018, 18:51 3154 Астана
Осы жылдың соңына дейін Қазақстан-Қытай арасында ынтымақтастық жоспар әзірленеді

Екі ел арасында инвестициялық жол картасы жүзеге асырылады.

2018 жылдың соңына дейін Қазақстан мен Қытай елдері арасында ынтымақтастық жоспар әзірленіп, инвестициялық жол картасы жүзеге асырылады. Бұл туралы "Қазақстандық индустрия дамыту институты" АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Болат Жансүгіров мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Бейжіңде Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Даму және реформалау жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында өндірістік қуаттар мен инвестициялар саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жоспарын бірлесіп әзірлеу бойынша өзара түсіністік туралы Меморандум түзілді.

Болат Жансүгіров аталған меморандумның не себепті түзілгенін айта отырып, қазіргі таңда ҚХР тарапынан Қазақстанға деген инвестициялық қызығушылық өте жоғары екенін атап өтті.

"Елдер арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту қазақстандық экономиканың инвестициялық тартымдылығын нығайту мен ұлттық қызығушылықтарды тиімді сақтау үшін аса маңызды. Осы орайда, өндірістік қуаттылық пен инвестиция саласындағы ынтымақтастық жоспарын әзірлеу аясында аталмыш меморандум түзілді", - деді Болат Жансүгіров.

Болат Жансүгіровтың қос ел арасындағы меморандумды орындау мен ынтымақтастық жоспарын әзірлеу кімдерге жүктелетінін айтты.

"Меморандумды орындау мен ынтымақтастық жоспарын әзірлеу ҚХР МДРК мен ҚР ИДМ төрағалығымен қазақстандық тараптан: Қазақстандық индустрия дамыту институтына, Қытай тарапынан: Қытай дамыту банкі мен Қытай халықаралық инженерлік консалтингтік корпорацияға жүктеледі. Ынтымақтастық жоспарын әзірлеуді аяқтау 2018 жылдың соңына жоспарланып отыр. Құжат дайын болған соң қоғам назарына ұсынылады", - деді Басқарма төрағасының орынбасары.

Оның пікірінше, бұл құжат инвестициялық жол картасына айналып, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың әлеуетін арттыруы керек.

"Аталған меморандумның тетіктері - ол "Белдеу және жол" бастамасы, "Қытайда жасалған-2025" және "Интернет+" бағдарламаларын "Нұрлы жол", ИИДМБ және "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламаларымен интеграциялауға бағытталған. Бұл міндеттерді орындау үшін ынтымақтастық жоспары салалық өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым және қызмет көрсету салаларын дамытуды терең зерттеу арқылы екі елдің аталмыш салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін анықтайды", - деді Болат Жансүгіров.

Еске сала кетейік, 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Назарбаев Университетінде Жібек жолы экономикалық белдеуін құру бастамасын ұсынды. Әлемдік дағдарыс жағдайында аталмыш бастама Қазақстанның транзиттік әлеуеті мен сауда байланыстарын дамыту үшін инфрақұрылымдық инвестицияларды ұсынды. Одан әрі Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арқылы өтетін Теңіз Жібек жолын құру бастамасы ұсынылды. Кейін ол екі жоба бірігіп "Белдеу және жол" тұжырымдамасын құрады.

Сонымен қатар, Жібек жолы экономикалық белдеу жолында қазақстандық-қытайлық бірлескен кәсіпорындар жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 28 млрд доллардың 51 бірлескен жобасы топтасқан. Оның 11-і бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатыр. 2018 жылдың соңына дейін 363 млн теңгенің 6 жобасын іске асыру жоспарланған.

"Белдеу және жол" бастамасының нәтижесінде Қазақстан Тынық мұхитында Ляньюньган портының терминалын құруға мүмкіндік алды. Бүгінде Оңтүстік-Шығыс Азиядан шыққан контейнерлер аталмыш жол арқылы Еуропаға 12-15 күнде жетеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: