Өскемен мен Семейдегі әрбір аулада фото-видеобақылау жүйесі болады - Жаңалықтар | BNews

Өскемен мен Семейдегі әрбір аулада фото-видеобақылау жүйесі болады

12 қаңтар, 17:41 1815 Шығыс Қазақстан облысы
Өскемен мен Семейдегі әрбір аулада фото-видеобақылау жүйесі болады

Биыл Өскемен мен Семейде «Цифрлық Шығыс» бағдарламасы аясында «Қауіпсіз ақылды қала» жобасы қолға алынбақ, деп хабарлайды BNews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаның бастамашысы – облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, елімізде ең алғаш біздің облыста жүзеге асыралатын аталмыш жоба автокөлік қозғалысын ғана емес, сондай-ақ әрбір әлеуметтік мекеменің, аула мен подъездің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады.

Жалпы, осыған ұқсас смарт жоба биыл Астана қаласында іске қосылған. Алайда, шығысқазақстандық баламасының артықшылығы сол, ақылды бейнебақылау жүйесі әрбір тұрғын үйдің ауласында, білім және денсаулық сақтау мекемелерінде орнатылады.

«Әзірге елімізде мұндай жоба жоқ. Астанада бейнебақылау камералары көшелерде ғана бар. Бірақ ықшам аудандар мен подъездерге орнатылған жоқ. Біздің мақсат – кешенді бағдарлама жасау. Сол арқылы тұрғындардың қауіпсіздігін жоғары деңгейге жеткіземіз», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы Өскемен қаласының әкіміне бұл жобаны «ақылды» жарықтандыру жүйесімен біріктіруді тапсырды. Жалпы жоба аясында облыс орталығының көшелерінде 17 мыңнан астам шамды энергия үнемдегіш шамдарға ауыстыру қарастырылған. Ал босап қалған ескі шамдар подъездерді жарықтандыру үшін қолданылатын болады. Бұл мақсатта былтыр Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісімге қол қойылған. Бұл жұмыстар ең бірінші кезекте, қаладағы қылмыстық оқиғалар жиі болатын аулаларда жүргізіледі. Бұл өз кезегінде фото-видеобақылау жүйесін орнатудың шығындарын азайтады.

Сондай-ақ фото-видеобақылау жүйесі Семейде де қолға алынып, тұрғындардың қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін «ақылды» жарықтандыру жүйесі бойынша кешенді бағдарлама жүргізіледі.

Айта кетсек, «Цифрлық Шығыс» - бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жоба. Аталмыш жоба «Цифрлық білім беру», «Электрондық билеттендіру» және аулаларды абаттандыру сияқты 7 кезеңді қамтиды. Облыс басшылығы бұл жобаларды іске асыру үшін, фото және видео бақылауды орнатумен айналысатын компаниялармен белсенді келіссөздер жүргізуде.

 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары