Өзбек депутаттары Қазақстанның екі облысын аралауды жоспарлап отыр

27 желтоқсан, 2017, 16:14 1671 Астана
Өзбек депутаттары Қазақстанның екі облысын аралауды жоспарлап отыр

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Өзбекстанның парламенттік делегациясын қабылдады, деп хабарлайды BNews.kz Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Өзбекстан Олий Мажлисі Заң шығарушы палатасы төрағасының орынбасары Борий Алиханов бастаған Өзбекстанның парламенттік делегациясын қабылдады.

Н. Нығматулин атап өткендей, Өзбекстан Орталық Азиядағы Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі болып табылады және екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық саясаты бұдан әрі тереңдей түспек.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, екі елдің өзара байланысының кеңеюіне жаңа серпін берген Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтың мемлекеттік сапарлары болды. Мемлекет басшыларының кездесуі нәтижесінде стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды.

Н.Нығматулин екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға Өзбекстанның қос палаталы Парламентінің қызметінде өзбек депутаттарының алғашқы сапарына оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Палата төрағасы еліміздің халықаралық аренадағы бастамаларына, атап айтқанда 2017-2018 жылдардағы БҰҰ ҚК мүшелігі, Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесіне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Оған қоса Өзбекстанның парламенттік делегациясын Мәжілістің қызметімен таныстырып, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында және Қазақстанның үшінші жаңғыруы міндеттерін орындау бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты.

Тараптар әңгімелесу барысында парламентаралық ынтымақтастық топтарының әлеуетін белсенді пайдалануға, сондай-ақ, Палаталардың бейінді комитеттерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды.

Жалпы Парламентаралық ынтымақтастық топтарының бірінші бірлескен отырысының күн тәртібі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл, су ресурстарын басқару мәселелерін талқылауға арналды.

Өзбекстанның парламенттік делегациясы сапар барысында Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына баруды жоспарлаған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар