"Paper free" нәтижесінде қағаз жүзіндегі анықтамалар саны 24 миллионға дейін кемиді - Жаңалықтар | BNews

"Paper free" нәтижесінде қағаз жүзіндегі анықтамалар саны 24 миллионға дейін кемиді

12 наурыз, 2018, 20:02 1599 Алматы

Соның нәтижесінде халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілердің қатары да азаяды.

"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында іске қосылған "Paper free" нәтижесінде қағаз жүзіндегі анықтамалар саны 24 миллионға дейін кеміп, халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілердің қатары да азаяды. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы ХҚКО-ның директоры Әсел Мамажанова мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

"Бүгінде мемлекеттік қызметтерді алу үрдісін электрондық нұсқаға өткізу мәселесі қарқынды түрде қолға алынғанымен, бұқара бәрібір көбіне ХҚКО-ға келіп жатады. Көпшілігі мемлекеттік қызметтерді Электрондық үкімет арқылы өз бетінше үйде отырып та ала алатынын біле бермейді. Бұл үрдісті біз барынша насихаттап жатырмыз", - деді Әсел Мамажанова.

Ал, Азаматтарға арналған үкіметтің мамандандырылған ХҚО-ларынан қызмет алушылар арасында автожүргізушілер де жаңа мүмкіндіктерге ие болды. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Ішкі істер министрлігімен бірге автокөлік иелеріне жаңа мүмкіндік ұсына бастады. Енді көлікке әдемі нөмір алғанда, сандарды ғана емес, әріптерді де таңдауға болады.

15 қаңтардан бастап іске қосылған қызметке сәйкес қазақстандық автожүргізушілер мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері арқылы симметриялық нөмір белгілерін таңдай алады. Бұл үшін азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) өтінімдерін рәсімдеп, мемлекеттік алымды төлеулері тиіс.

2014 жылдан бастап автокөлік иелері ел арасында "айна нөмір" деп аталатын симметриялық нөмірлерді сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізген еді. Енді азаматтар ақылы түрде сандар мен әріптерді өз қалауынша қиыстырып ала алады.

Сондай-ақ, егер азаматтың қалаған нөмірлік белгісі базада болмаса, онда қажетті мемлекеттік алымды төлеп, мамандандырылған ХҚО арқылы тапсырыс беруге болады.

Сондай-ақ, Әсел Мамажанованың сөзінше, биылғы жылы шілде айының соңына дейін автокөліктерді электронды тіркеу жүйесі іске қосылады. Енді көлік жүргізушілеріне құжаттарын рәсімдеу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті болмайды. Яғни, интернет арқылы тапсырып беріп, "Қазпошта" арқылы алуға болады. Бұл бастама көлік жүргізушілерінің көңілінен шығары сөзсіз.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар