Партия мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы жұмысты жандандыруға тың серпін беріледі – Әшімбаев

21 маусым, 2018, 17:24 3399
Партия мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы жұмысты жандандыруға тың серпін беріледі – Әшімбаев

Сондай-ақ, партия сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, осы саладағы көлеңкелі тұстарды жоюға бағытталған бірқатар партиялық жобаларды қолға алды.

Бүгін "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев партия мен Агенттік арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Іс-шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, партия Орталық аппаратының қызметкерлері және бейнеконференц байланысы арқылы облыс әкімдерінің орынбасарлары мен партия өңірлік филиалдарының басшылығы қатысты.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасы бойынша "Нұр Отан" партиясының қоғамның түрлі саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мақсатты әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Бұл бағытта партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы басты құжат болып табылады. Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары партияның осы мәселемен айналысатын басты құрылымы ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс істейтінін де атап өтті. Мұндай кеңестер бүгінде еліміздің барлық облыстары мен аудандарында құрылған. Одан бөлек, партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының депутаттары да аталған салада ауқымды жұмыстар атқаруда. Осы мәселелерге тоқталып өткен партия Төрағасының Бірінші орынбасары алдағы уақытта бұл жұмыстардың одан әрі жандана түсетінін жеткізді.

"Бүгінгі меморандум партия мен Агенттік арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз. "Нұр Отан" партиясы алдағы уақытта осы салада басқа да мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеуге дайын. Өйткені партияның басты миссиясы – Елбасының сенімді тірегі болуымен қатар Қазақстанды жаңғыртуға жүйелі қатысатын стратегиялық күшке айналу", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес жүргізілмесе жаңғыру әрекетінің тиімсіз болатыны сөзсіз. Өйткені сыбайлас жемқорлық экономикалық-саяси жүйені бұзып, билікке деген сенімді жоғалтады. Сондықтан оны мейлінше жойып, алдын алса ғана көздеген стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік туары анық. Осыған орай Мәулен Әшімбаев меморандумда көрсетілген талап, міндеттерді мақсатты түрде орындауға партияның дайын екенін айтып, осы бағыттағы бірқатар басымдықтарды атап өтті.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары алдымен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жұмыстарына назар аударды. Елбасының тапсырмасына орай бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуын бақылау мақсатында партияның бастамасымен Қоғамдық кеңес құрылған болатын. Бүгінде еліміз бойынша Кеңестің жұмысы жүйеленіп, жедел әрі тиімді әрекет етуді қолға алды. Соның нәтижесінде партия осы бағыттағы жұмыстарға мониторинг жүргізіп, анықталған олқылықтарды жан-жақты қарастырып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты тұстарын Агенттікпен бірлесіп шешетін болады. Мәулен Әшімбаев бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдардың да белсене қатысуы керектігін айтты.

"Екіншіден, бүгінде партия сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, осы саладағы көлеңкелі тұстарды жоюға бағытталған бірқатар партиялық жобаларды қолға алды. Үшіншіден, сыбайлас жемқорлықты мүлдем болдырмау үшін мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінбек. Төртіншіден, аталған теріс құбылыспен күресті күшейту үшін біз партияның барлық ресурсын жұмылдыратын боламыз. Партияның қоғамдық қабылдауына келген халық осы мәселеге қатысты қандай да бір ақпаратпен немесе өз ұсыныстарымен бөліссе, оны талдап, талқылап, қажет жағдайда Агенттікке жолдайтын боламыз. Бесіншіден, партия мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы жұмысты жандандыру мәселесіне тың серпін беріледі. Алдағы уақытта осы бағыттардағы жұмыстарды күшейтетін боламыз", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар жиын барысында 2017 жылы түрлі себептермен 276 адамның партия қатарынан шығарылғаны айтылды. Соның ішінде олардың 171-і сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар іс-әрекеті үшін шығарылған. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай жайттарды мүлдем болдырмау үшін алдағы уақытта нұротандықтардың сапасына ерекше мән берілетінін баса айтты.

"Енді біз партия мүшелерінің санына емес сапасына көп көңіл бөлетін боламыз. Қандай да бір сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар, қызметін өзінің жеке мақсатына пайдаланғысы келетін адамға партияда орын жоқ. Егер біз жемқорлықпен күреске белсене қатысқымыз келсе, алдымен өз қатарымыздың тазалығын қамтамасыз етіп алуымыз керек. Бұл партияның орталық аппаратынан бастап барлық филиалына қатысты. Осылайша біз партия ішінде де сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресіп, мемлекеттік органдарға үлгі көрсететін боламыз", – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттің ғана емес, бұл бүкіл азаматтық қоғамға ортақ мәселе екенін айтты.

"Сондықтан "Нұр Отан" партиясының бұл салаға көңіл бөліп, жоғары деңгейде талқылауы құптарлық іс", – деді Алик Шпекбаев.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстанда жемқорлықсыз, таза, заманауи, құқықтық, қоғам алдында есеп беретін, ашық әрі айқын мемлекет құрылды деп айтуға толық негіз бар. Электронды Үкімет пен кәсіби, стратегиялық мемлекеттік аппараттың құрылуы да бұл саладағы бақылау жұмыстарына оң септігін тигізуде. "Ендігі саты – инновациялық мемлекеттік аппаратқа көшу. Бүгінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда", – дейді Агенттік төрағасы.

Осы ретте айта кетер жайт, партия мен Агенттік арасындағы меморандумның басты мақсаты – еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын орындауға бағытталған бірлескен және келісілген іс-қимылды даярлап, жүзеге асыру, осы бағыттағы қолға алынған шаралардың тиімділігін арттыру, жемқорлықтың себеп-салдарын жою және оның алдын алу. Соған байланысты бірлескен жұмыстың бірқатар бағыттары да анықталды. Атап айтқанда, меморандум мақсатына сәйкес тараптар Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының, партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының және "Президенттің бес әлеуметтік бастамасының" іске асырылуын бақылау жұмыстарына мониторинг жүргізуді бірлесіп атқармақ.

Сонымен қатар күш біріктіру арқылы қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырып, құқықтық сауаттылықты арттыру, еңбекке адалдық пен жемқорлыққа төзімсіздікті кеңінен насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие және өскелең ұрпақ пен жастардың бұл саладағы білімін тереңдету сияқты басым бағыттар жүзеге асырылатын болады.

Жиын барысында "Нұр Отан" партиясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Жанат Жарасов, Мәжіліс депутаты, "Нұр Отан" партиясы фракциясының мүшесі Артур Платонов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуын сыртқы талдау және бағалау жөніндегі республикалық арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Айгүл Соловьева және тағы басқа қоғам белсенділері сөз алып, аталған мәселе бойынша өз пікірлерін білдірді.

Сөз алғандардың дені еліміздегі жетекші саяси күш пен мемлекеттік өкілетті органның өзара іс-қимылдарының жаңа деңгейі Елбасы тапсырмаларының орындалуына жан-жақты бақылауды қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен бірге азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық санасын қалыптастырып, мемлекеттік қызметкерлер мен партия мүшелерінің тәртібін күшейтуге де мол мүмкіндік беретініне ерекше назар аударды.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Мәулен Әшімбаев #Нұр Отан партиясы #Алик Шпекбаев

Читайте также

Похожие новости