Павлодар облысы экономикасының шамамен 50 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі – Назарбаев - Жаңалықтар | BNews

Павлодар облысы экономикасының шамамен 50 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі – Назарбаев

17 шілде, 18:24 2117 Павлодар облысы
Павлодар облысы экономикасының шамамен 50 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі – Назарбаев

Елбасы бұл Қазақстан өңірлері арасындағы жоғары көрсеткіш екенін атап өтті.

Елбасы Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтыны сілтеме жасап.

Жиынды ашқан Қазақстан Президенті облыс басшылығының нақты жұмыс атқарып жатқанын және өңірде оң өзгерістердің байқалып отырғанын айтты.

"Мен бүгін бірнеше кәсіпорында болып, жұртшылықпен әңгімелестім, халықтың жай-күйімен таныстым. Облыс экономикасының шамамен 50 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы жоғары көрсеткіш", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Павлодар облысының географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын атап өтіп, бұл өңір Ресей Федерациясының өнеркәсібі дамыған облыстарымен шектесетініне назар аударды.

"Бұл облыстың өнеркәсіп, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуеті зор", – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту және тиісті нысандарды салу мәселелеріне ерекше тоқталды.

"Астана мен Павлодарды бірінші санатты автобан жалғап жатыр. Енді, жол жүру уақыты бес-алты сағат емес, үш сағатқа созылады. Облыстың транзиттік әлеуеті кеңейіп келеді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті өңірдің кәсіпкерлеріне арналған сөзінде шикізатты қайта өңдеуді мейлінше жақсарту және бәсекеге қабілетті өнім шығару мәселелеріне назар аударды.

"Мен бүгін алюминий өндіретін, тоқ өткізгіш кабель жасайтын компаниялардың және басқа да кәсіпорындардың жұмысымен таныстым. Біз құрылыс материалдарын шығару, терезе жақтауларын, ыдыс-аяқ және алюминийден фольга жасау мүмкіндігін қарастыруымыз қажет. Міне, осы іске инвестиция тартып, күш жұмылдыру керек", – деді Елбасы.

Кеңес барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы және "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" аясында іске асырылып жатқан жобалар жөнінде мәлімдеді.

"2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өнімі алғаш рет 2 триллион теңгеден асып, 3,6 пайызға жетті. Биылғы бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 4,6 пайызға артты. Облыс кәсіпорындарындағы өндіріс үдерістерін цифрландыру жөніндегі Сіздің тапсырмаңыз орындалуда. Технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау ісіне 200 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды", – деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысы жиын қорытындысы бойынша өндіріске халықаралық "ЭКСПО-2017" мамандандырылған көрмесінде көрсетілген "жасыл" технологияларды енгізу, шағын және орта бизнесті, Ресей облыстарымен шекарааралық сауда-саттықты дамыту, өңірдегі туристік кластердің әлеуетін арттыру, мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікті өркендету үшін нақты тапсырмалар берді.

Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жетекшілері, соның ішінде ERG директорлар кеңесінің төрағасы А.Машкевич, "Проммашкомплект" ЖШС-і директорлар кеңесінің төрағасы Д.Сыздықов, "Стальмонтаж" ЖШС-нің бас директоры А.Терентьев, "Казэнергокабель" АҚ-ның бас директоры О.Крук және басқа да азаматтар қатысты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар облыстық біріккен әмбебап ғылыми кітапхананың жұмысымен де танысты. Онда мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арналған арнайы жабдықтар, білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру жобалары, сондай-ақ "Рухани жаңғыру" жобалық офисінің көрме залы көрсетілді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Павлодар қаласына жұмыс сапарымен келгені хабарланған болатын.

Өңірге жұмыс сапары аясында Қазақстан Президенті "GiessenHaus" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен "Казэнергокабель" акционерлік қоғамына барды. Мемлекет басшысына "Павлодар" еркін экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалар жөнінде баяндалды.

Сондай-ақ, Елбасы Қазақстанды индустрияландыру картасы аясында түбегейлі жаңартылған әрі өндіріс үдерісі цифрландырылған "Павлодар мұнай химиясы зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары