Павлодар облысында бұрын сотталған кәсіпкер тағдырластарына көмек қолын созуда - Жаңалықтар | BNews

Павлодар облысында бұрын сотталған кәсіпкер тағдырластарына көмек қолын созуда

01 ақпан, 17:42 1971 Павлодар облысы
Павлодар облысында бұрын сотталған кәсіпкер тағдырластарына көмек қолын созуда

Павлодар облысының пробация қызметкерлері "өзара тең" оңалту жобасын іске асыруда, деп хабарлайды BNews.kz ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жазасын өтеп шыққандарды қайта әлеуметтендіру және қоғамға бейімдеу мәселелері – пенитенциарлық жүйенің басты әрі маңызды міндеттердің бірі.

Осы орайда, Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асырудың іс-шаралар жоспарындағы тармақтардың бірі "өзара тең" оңалту қағидаты бойынша қылмыстық жазаға тартылып, пробация қызметінде есепте тұрған тұлғалардың құрамынан құрылған ерікті тәлімгерлер институтын енгізу болған.

Павлодар облысы Шарбақты ауданының пробация қызметкерлері жылдың басынан есепте тұрған сотталғандар арасынан түзу жолға түсіп, қоғамға пайдалы іспен айналысып жүрген, заң талаптарын орындап, үлгі бола білетін ерікті жетекшілерді іздестіру жұмысын бастап кетті.

Пробация қызметкерлерінің таңдауы аудан тұрғыны Совет Жильгельдиновке түсті. Қазірде кәсіпкер болып отырған ол атыс қаруын ұқыпсыз сақтағаны үшін бас бостандығын шектеуге сотталған. Жазасын қоғамнан оқшауламай өтеу үшін тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне есепке тұрады.

Жазасын өтеп жүріп қылмыс әлемінен біржола қол үзуді, адал еңбек етуді жөн санайды. Бүгінде ол мемлекеттік органдар мен пробация қызметінің бірлесе көрсеткен қолдауының арқасында шағын және орта бизнесті несиелеу бағдарламасы арқылы ірі қара мал өсіру кәсібін дөңгелетіп отыр. Тек кәсібін жүргізіп қана қоймай, үлгі боларлық жағдайға жетті.

Мұны байқап, бақылап жүрген ҚАЖ қызметкерлері Советке өзге де бас бостандығынан айыру орындарынан босап шығып, есепте тұрған адамдарды жұмысқа алу жөнінде ұсыныс білдіреді. Келісім нәтижесінде колониядан босап шыққан Ерғали Қамешевке де жұмыс табылды. Енді міне, жұмыспен қамтылып, Ерғали де өз ата-анасына көмектесіп жүр.

"Өзара тең" жобасы бір кездері дұрыс жолдан тайғандарға оң ықпал етіп, ешқандай қылмыс жасамай-ақ, өмір сүруге болатынын көрсетіп келеді.

Бұл бағытта жасалатын жұмыс әлі де жалғасатын болады.          

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары